Медицина • 30 Наурыз, 2020

Медицина қызметкерлері үшін қонақүйлер мен көлік берілді

653 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында төтенше жағдай кезінде елордадағы халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын мемлекеттік тұрғыда қолдауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиын брысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен елорданың медицина қызметкерлері үшін қонақүйлер мен көлік берілгенін жеткізді.

Медицина қызметкерлері үшін қонақүйлер мен көлік берілді

«Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының стационарларында короновирус инфекциясын жұқтырған немесе жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болғандармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға жағдай жасау үшін қонақүйлер бөлінді. Қалалық штаб ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, City Transportation Systems (CTS) компаниясы 50-ден астам көлік бөлді. Қаланың емханалары мен ауруханаларында жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер үшін де көлік ұйымдастырылған. Бұл қызметтердің барлығы тегін. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық салада жоғары жүктеме жағдайында жұмыс істейтін медицина қызметкерлері үшін жаңа қаржылық қолдау пакеті бекітілетінін хабарлады. Екіншіден, №2 қалалық емхана тәулік бойы жұмыс жасайды. №2 қалалық емхана базасында жедел респираторлы вирустық инфекциясы белгілері бар пациенттерді қабылдау үшін обсервациялық емхана ұйымдастырылды. ОРВИ белгілері бар науқастарды тек №2 қалалық емхана қабылдайды. Емханада емделушілерге коронавирустық инфекцияға зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіледі», деді Б.Мәкен.

Сонымен қатар ол мұндай қиын кезеңде түсіністікпен қабылдап, медицина қызметкерлерінің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындау қажет екенін ескертті.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, қаланы карантинге жауып, қоғамдық тәртіпті сақтауды күшейту әлемдік тәжірибе. Індет ошағы болған Қытай халқы қиын сәтте бірлік танытып коронавирус қаупін бірге еңсерді. АҚШ, Еуропа елдері де тәртіпті күшейтіп жатыр. Бізде де коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін дезинфекциялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Адам көп жиналатын жерлерге ерекше көңіл бөлінеді: әлеуметтік нысандар, базарлар, супермаркеттер, тротуарлар, балаларға арналған ойын алаңдары, кіреберістер мен т. б. дезинфекциядан өтіп жатыр. Дезинфекциялау іс-шараларын өткізуге қалалық қызметтерден басқа қарулы күштердің биологиялық қорғау бөлімшесінің әскери қызметшілері де жұмылдырылды. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі (ТМККК) аясында диспансерлік есепке алынған онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар, жүкті әйелдер, жасы 65-тен асқан азаматтар маскамен қамтылуда. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелерге тіркелген тұрғындарды маскамен қамтамасыз ету мақсатында «СК-Фармация» ЖШС-нен 300 000 медициналық маска алды. Бүгінгі таңда алынған медициналық маскалардың 10% тұрғындар арасында таратылған. Егде жастағы пациенттерге волонтерлер мен медициналық мекемелердің қызметкерлері маска мен қажетті дәрі-дәрмектерді үйлеріне жеткізіп беруде. Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын қолдау мақсатында қалалық еріктілер партияның волонтерлерімен бірлесіп, «Birgemiz» акциясының аясында 3,6 мыңнан астам отбасыға: жалғыз тұратын зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өкілдеріне атаулы көмекті көрсетті. Карантин кезінде мұндай көмек 5 мыңнан астам отбасыға көрсетіледі деп жоспарлануда. Елордалық еріктілер қаладағы 7 блокпосттың қызметкерлеріне 3,5 мың респираторлық бетпердені таратты. Сонымен қатар қалалық волонтерлер штабының мүшелері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, халық арасында, шағын және орта бизнес өкілдеріне карантин режимінің бұзылуына жол бермеуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, 25 наурыздан бастап елорда волонтерлері медициналық қызметкерлерімен бірлесіп, диспансерлік есепте тұрған егде жастағы азаматтарға дәрі-дәрмектерді үйлеріне жеткізуде. Карантин кезеңінде «Қазпоштаның» қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, зейнетақыны ақшалай алатын азаматтарға оны үйлеріне жеткізіп жатыр. Мемлекет дегеніміз сіз бен біз. Біз бір бірімізді қиын-қыстау кезеңде ешқашан ұмыт қалдырмаймыз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж азаматтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек уақытылы жеткізіліп жатыр. Бұл – ауыртпалық кезеңі. Бір бірімізді сынайтын емес, бірлігіміз сыналатын кез. Сондықтан, тәртіп сақтап, күндіз түні ұйқы көрмей ауырған азаматтарды емдеп жүрген медицина қызметкерлеріне үйде отырып көмектесейік», деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.