Мысалы, облыста дәрігерлер үшін қорғаныш костюмдерін, маскалар мен медициналық қолғаптарды сатып алу жалғасуда. Республикалық бюджеттен коронавирусқа қарсы күреске ат салысатын ақ халатты абзал жандарға қосымша қаражат бөлініп, бүгінгі күнде Қарағанды облысында 1677 дәрігер мен медбике бір еңбекақы көлемінде сыйақы алды. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Бұл туралы бүгін облыстағы эпидемиологиялық жағдай жөніндегі селекторлық режимде өткен аппараттық кеңесте мәлім болды. Жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек 30 наурыздан бастап өңірдің бес қаласында жеке шектеу шаралары қарастырылған карантин енгізілгенін хабарлады.
– Бүгінгі күннен бастап Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран және Шахтинск қалаларының аумағында осы елді мекендер халқының өмірі мен қызметі үшін ерекше жағдайлар қарастырылған карантин режимі енгізілді. Яғни, жоғарыда аталған қалалар бірыңғай карантиндік аймақ болып саналады. Бұл қалалардың тұрғындары кәмелетке толмаған балалардың өз бетінше жүріп-тұруына тыйым салу сияқты шектеу шараларын сақтауы қажет: 65 жастан асқан адамдарға далаға шықпау, ал жұмыс берушілерге жұмыс күнін екі сағатқа қысқарту ұсынылды, – деді облыс әкімі.
Алдағы уақытта облысқа 300 мың байланыссыз термометр жеткізілмекші. Сондай-ақ, «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қорының қаражаты есебінен 20 мың респиратор сатып алынады.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың облысқа 100 мың экспресс-тест әкелінгенін, жақын арада облыс емханаларында коронавирусты анықтау мақсатында жедел тестілеу басталатынын айтты. «Тестілеу клиникалық белгілер байқалған жағдайда ғана жүргізіліп, жүзеге тегін асырылады», деп атап өтті ол. Бұдан бөлек, Ресейден 56 аспалы бүріккіштер сатып алынған, қалған 170-і таяу арада жеткізілетін көрінеді.
Естеріңізде болса, Қарағандыда коронавирус инфекциясын жұқтырған жеті адам емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтқанына сенсек, қазіргі уақытта олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалауға болады екен.
Жалпы, облыста барлығы 592 адам тәулік бойы дәрігерлердің бақылауына алынған, тағы 514 адам үйлерінде оқшауланған.
Қарағанды облысы