Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Ақмола облысында карантин

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрткүл дүниені тегіс елеңдетіп отырған жаман аурудың лебі Ақмола облысына да келіп жетті. Соңғы дерек бойынша облыстың 11  адамы коронавирус дертіне шалдыққан. Енді етек-жеңімізді қымтамай болмайтын түрі бар. Наурыздың 31-і күнгі күндізгі сағат 15:00-ден бастап облыс аумағында уақытша сипаттағы карантинді шектеу шаралары енгізілді. Осы жағдайға байланысты облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыс тұрғындарына үндеу жариялады.    

Ақмола облысында карантин

Карантин талаптарына сәйкес транзиттік жүк көліктері мен тамақ өнімдері бар көлік құралдарын қоспағанда, барлық көлік құралдары мен азаматтардың Ақмола облысына кіріп-шығуына тыйым салынады. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа ірі сауда орталықтары, саябақтар, монша кешендері, санаториялық-курорттық мекемелер, сұлулық салондары, шаштараздар, автомобиль, тұрмыстық заттар мен құрылыс базарлары, сондай-ақ адамдар жаппай жиналатын басқа да объектілер өз қызметтерін тоқтатады.     

Тәулік бойғы режимде қызмет көрсететін объектілерді қоспағанда, қоғамдық тамақтандыру орындары да жұмыс істемейді. Дәріханалар мен дәріхана киоскілері жұмысын штаттық режимде жалғастырады. Облыс тұрғындары аса маңызды шаруалары болмаса үйлерінен шықпауы керек. Азаматтар маска мен біржолғы қолғап киіп, қолдарын антисептикпен тазалап отыруы тиіс. 65 жастан асқан азаматтар өзін-өзі оқшаулау арқылы режимді сақтасын.  

Жалпы, облыста тиісті қызметтердің карантин режимінде жұмыс істеу дайындығы қамтамасыз етілді. Жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық қорғаныс бригадасының және жергілікті әскери басқару органдарының әскери міндеттілерді шақыруға дайындығы қамтамасыз етілді. 

Облыс шекарасына кіреберіс жолдарда 8 блок-пост, ал облыс орталығының шекарасына 12 блок-пост орнату жоспарлануда. Криминогендік және қоғамдық-саяси жағдай күрделенген жағдайға арнайы жедел жоспарлар, сондай-ақ полиция департаментінің жиынтық жасағы мен Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімі қызметшілері дайындыққа келтірілді. Әрине, осы шаралардың барлығы тосын. Кей жағдайда азаматтарымыздың құқықтарын шектелетіндігі сөзсіз. Алайда қазір індеттің жылдам таралуы осындай жайға мәжбүр етіп отыр. Бүгінгі іс-қимылдардың барлығы коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге және облыс тұрғындарының денсаулығын сақтауға бағытталған. 

Мамандардың мәлімдеуіне қарағанда, Елорда маңы, атап айтқанда облыс аумағына инфекция таратудың ошағы болып табылатын Целиноград ауданы ерекше алаңдатушылық туғызуда.