Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, транзиттік автокөліктер, сондай-ақ өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін және тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар және медициналық бұйымдар, өндірістік тауарлар мен материалдар таситын автокөліктерді қоспағанда, автокөлік құралдарының барлық түрлеріне Жамбыл облысы мен Тараз қаласының аумағына кіруіне және шығуына тыйым салынады. Сонымен қатар, ірі сауда орталықтарының, саябақтардың, монша кешендерінің, санаториялық-курорттық нысандардың, интернет-клубтардың, көлік жуу орындарының, сұлулық салондарының, шаштараздардың, азық-түлік емес автомобиль, киім-кешек, құрылыс базарларының қызметі тоқтатыла тұрады. Бұл ретте тауарларды жеткізу арқылы өткізу мүмкіндігі сақталатынын айта кеткен жөн. Сол сияқты, бөлшек сауда базарлары санитарлық-дезинфекциялық режимді міндетті түрде сақтай отырып, сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Ал, көтерме азық-түлік қоймалары мен базарлары, супермаркеттер, азық-түлік сауда орындары, үй жанындағы дүкендер мен дәріханалар қалыпты режимде өз жұмысын жалғастырады. Тамақтану орындарының жұмысы тоқтатылып, аса қажет жағдайда болмаса үйден шығу шектеледі. Және әкімдік отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан көп адамдардың қозғалысына шектеу қажеттігін, кәмелетке толмағандардың ересек адамсыз жүруіне тыйым салынатынын және 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау қажеттігін ескертеді. Алайда, облыс тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін полицейлердің, медициналық, авариялық-құтқару және басқа да коммуналдық және шұғыл қызметтердің қызметі шектелмейді.
Сонымен қатар, Қордай ауданының аумағында коронавирустық инфекцияның бұған дейін анықталған жағдайларына байланысты қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Ауданның елді мекендері арасында халықтың, оның ішінде қоғамдық көліктің қозғалуын барынша шектеу, жұмыс орнынан анықтама немесе қызметтік куәлігі болған кезде ғана тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүріп-тұру, шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге жүгіну қарастырылған. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына туысқандарына, таныстарына, көршілеріне, әріптестеріне және тағы да басқа адамдарға баруға жол берілмейді. Сондай-ақ, мұнда да шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде транзиттік жүк автокөліктерін, сондай-ақ, Жамбыл облысының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін және тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар және медициналық бұйымдар, өндірістік тауарлар және материалдары бар автокөлікті қоспағанда, автокөліктің барлық түрлерінің сағат 19.00-ден 10.00-ге дейін кіруіне тыйым салынады. Коронавирустық инфекцияның болуына қатысты зертханалық тексеру нәтижелерін алғанға дейін Қазақстан Республикасының аумағына келетін азаматтарды бір күндік стационарлық карантинге міндетті түрде орналастыру енгізіліп, ауданда қоғамдық көлік пен такси қозғалысы шектеледі.
Жамбыл облысы