Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

BizBirgemiz: Игі істің басында - іскер әйелдер

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысында #BizBirgemiz қайырымдылық акциясы аясында 60-тан астам  іскер әйел өңірдегі тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар мен жалғыз басты қарттарға, тіпті басын қатерге тігіп көпшілік орындарда тәртіп күзетінде жүрген полиция қызметкерлеріне де көмек көрсетуде.

BizBirgemiz: Игі істің басында - іскер әйелдер

Төтенше жағдай ғой деп қазан-ошақ басында  қол қусырып қарап отырмай, қоғамға пайдалы ізгілік акциясын қолға алған әйелдердің қатарында кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, ұстаздар, диқандар бар. 

- Режім тәртібі енгізілгелі біз, ең бірінші кезекте, жалғыз тұратын сүйеніш-тіреніші жоқ зейнеткерлерге, бүкіл отбасының ауыртпалығын өзі ғана көтеріп жүрген көп балалы аналарға  азық-түлік және тазалыққа қажет басқа да тауарларды апарып беріп жатырмыз.  Кеше ғана «Сұлтан» ательесінің директоры Малика Төлемісова облыс орталығындағы учаскелік инспекторларға 450, Жітіқара полицейлеріне 150 маска үлестіріп берді. Біз құқық қорғау органдарының өзін-өзі қамтамасыз ете алатынын жақсы түсінеміз. Бірақ қазіргі жағдайда маска ешқашан артық болмайды. Сондай-ақ, «Сарыбай» агрофирмасының басшысы Светлана Михаиленко Қостанай және Бейімбет Майлин аудандарында тұратын 200 отбасыға азық-түлік түрінде көмек көрсетті, - деді облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлсара Жаманқұлова.  

Қауымдастық жетекшісінің айтуынша, іскер әйелдердің игі ісі әлі де жалғасады. Қазір ардагерлер кеңесінен, әлеуметтік қорғау басқармасынан көмекке шынымен мұқтаж отбасылардың тізімі сұрастырылып, олардың мекенжайы анықталып жатыр. Жомарт жүрек кәсіпкер аналар оларға осы аптаның соңына қарай материалдық көмек көрсетпек.   Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері материалдық көмекке қоса, қазіргі жағдайда көпшілікті моральдық тұрғыдан қолдау аса маңызды деп біледі. 

-  Қазір қызым мен немерем Италиядағы басты індет ошағына айналған Ламбордия провинциясында тұрады.  Сондықтан бұл індеттің адамзат баласына қаншалықты қауіпті екенін жақсы түсінемін. Қызым мен немерммен күн сайын хабарласып отырамын. Енді өз елім үшін не істей аламын. Отандастарыма қайтсем, көмектесемін? – деген ой мазалап, ақыры әлеуметтік желіден жеке парақша ашып, өзімнің балаларға арналған ертегілерімді жариялай бастадым. Байқаймын, оқылымы жаман емес сияқты, - деді ардагер ұстаз Александра Суслова.

Саясаткер әйелдер клубының жетекшісі Рима Бектұрғанова да қарап жатқан жоқ. Қайраткер ана әлеуметтік желі арқылы «Алдыңғы шепте» деп аталатын челлендж бастап, көрінбейтін дұшпанға қарсы майданның алдыңғы шебінде жүрген бүгінгі күннің қаһармандары - дәрігерлердің ерлік ісін дәріптеп жатыр. - Жылы сөз жан жадыратады. Қазір бәріміз жылы ақпаратқа, қуанышты хабарға, жақсы сөзге шөліркедік. Сондықтан бір-бірімізге ең болмаса жақсы сөз айту арқылы қуат беріп, жанашырлық танытуымыз керек, - дейді ол. 

 

Қостанай облысы