Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Жамбылдық еріктілер жарап тұр

242 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының еріктілері коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап, күн сайын өңірдегі барлық қала мен аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әлемді шарпыған індеттің алдын алу мақсатында әулиеаталық еріктілер өздері тіккен 10 мың дана медициналық маскаларды қала тазалығына жауапты жұмысшылар мен тұрғындарға таратты.

Жамбылдық еріктілер жарап тұр

«Жамбылдық еріктілер осы уақытқа дейін 30 мың үнқағаз, бүктемелер мен медициналық маскалар таратып, 15 рейд ұйымдастырды. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және жалғызілікті қарияларға «Біз біргеміз» ұранымен бірінші кезектегі қажетті 700 дана азық-түліктер мен гигиеналық заттар салынған қораптар үлестірді», дейді Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа. Сондай-ақ, ол аталған басқарманың «Қоғамдық сақшы» жобасын жыл басынан бері жүзеге асырып келе жатқанын жеткізді. Оған «Жібек жолы», «Ақ сұңқар», «Темірқазық» волонтерлік қозғалыстары мен өңірдегі «Jas Otan» Жастар қанаты, «Қазақстан студенттер Альянсы» және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар ұйымының еріктілері тартылған. Аталған жоба аясында еріктілер мереке күндері қадағалау шараларына атсалысып, саябақтарда, көшелерде және мөлтекаудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Олар мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары, кафелер мен асханалардың сағат 22.00-ден кейін жабық болуын облыстық полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе қадағалап, арнайы рейдтік жұмыстарға қатысуда.

Жамбыл облысы