28 Тамыз, 2013

Иран тарихында тұңғыш рет әйел заты елші болмақ

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Иран-женщины-1

Иран Ислам Республикасында бірінші рет әйел адам елші болуы мүмкін. Бұл туралы «Лента.ру» хабарлады.

Иран сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысының мәліметіне қарағанда, аталмыш ведомствоның басшысы Мухаммад Жавад Зарив алдағы аптаның ішінде жоғары лауазымды дипломатиялық қызметке әйел затын тағайындауды жоспарлап отырған көрінеді. Әзірге оның кім екені, қай елге елші болып бекітілетіні белгісіз. Сондай-ақ, министрліктің баспасөз хатшысы қызметіне де әйел адамның кандидатурасы ұсынылып, бұл мәселе талқылануда.

Жалпы, әйелдердің саяси сахнаға шығуы, биік лауазымға ие болуы өте сирек кездесетін мемлекеттердің бірі – Иран. Сондықтан, бұл елде әйел адамның саяси сахнаға шығуы жаңалық ретінде қабылданады.

1979 жылдың 11 ақпанында Ислам Республикасы болып жарияланғалы бері бұл елдегі саяси қызметке тағайындалған әйелдердің қатары саусақпен санарлықтай.

Мәселен, Иранды 1997-2005 жылдар аралығында басқарған Мухаммад Хатами кезінде Масумех Эбтекар деген әйел вице-президент болды. Ол қоршаған орта саласына қатысты мәселелермен шұғылданған. Ал президент ретінде өз өкілеттігін таяуда тоқтатқан Махмуд Ахмадинеджад тұсында (2005-2013 жж.) бір ғана әйел министр болды. Ол – 2009-2012 жылдар аралығында Иран денсаулық сақтау саласын басқарған Марцих Вахид Дастжерди. Иранда тұңғыш рет министр болған әйел ретінде Марцих Вахид Дастжердидің есімі тарихқа жазылды. Ол 2012 жылы елде дәрі-дәрмектердің бағасы өсіп кеткеніне байланысты Махмуд Ахмадинеджадпен келісе алмай, қызметінен босатылды.

Сол сияқты, 2013 жылдың тамызында Иран президенті ретінде ант қабылдаған Хасан Рухани да әйелдерге «оң көзбен» қарағандай. Өйткені, жаңа президент құқық саласы бойынша өзінің вице-президенті ретінде ғылым докторы Эьхам Аминзадені тағайындады. Бұған қоса, тағы бір ұзын етекті ел президентінің әйелдер ісі жөніндегі кеңесшісі болыпты.

Жолдыбай Базаров.