Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Жамбыл облысында «Аспара» гидроторабы іске қосылды

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысының Меркі ауданында қайта қалпына келтірілген «Аспара» гидроторабы мен қосымша сумен қамту трактісі іске қосылды. Шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов қатысты.

Жамбыл облысында «Аспара» гидроторабы іске қосылды

Жамбыл облысы жер үсті су ресурстарының 80 пайызына жуығын  Шу мен Талас трансшекаралық өзендері арқылы алады. Шекаралас мемлекеттер арасында суды өзара бөлісу осы тұрғыда арнайы бекітілген Ережелер негізінде жүзеге асырылады. Соңғы жылдары өңір вегетациялық кезеңінде суару ылғалының тапшылығын бастан кешіріп келеді. Ағымдағы жылы Орталық Азия аймағында да ылғал тапшылығы сезіледі деген болжам бар. Мамандардың айтуынша, бұл шаруалардың ойдағыдай өнім ала алмауына әсер етуі мүмкін. Осы мәселеге орай, 2018 жылы су тапшылығын ішінара шешу үшін аталған жоба қолға алынған болатын. Бүгінгі таңда 1928 жылы пайдалануға берілген «Аспара» су торабы толығымен қайта жаңартылды. «Аспара қосымша сумен қамту трактісі» каналының 7,6 шақырымдық бетон жамылғысы ауыстырылды. Ол 3,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтуға негізделген. Сондай-ақ, су жүретін арнаны, тұндырғышты, автожол көпірлерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп, автоматты су есептегіш жүйесі де толығымен жаңартылған. Нәтижесінде «Аспара қосымша сумен қамту трактісінің» өткізу қабілеті секундына жетіден тоғыз текше метрге дейін өсіп отыр.

Нысанды іске қосу нәтижесінде  «Аспара» жүйесінің арналарымен Меркі ауданының алқаптарын, сонымен қатар 2,5 мың гектарды құрайтын «Үлкен Шу» каналының батыс тармағының төменгі бөлігіндегі аумақты да сумен қамтуға мүмкіндік туып отыр. Бердібек Сапарбаев жаңартылған су торабы мен тарату орталығының жұмысымен жан-жақты танысып, жергілікті фермерлермен әңгімелесті. Әкім нысан іске қосылғаннан кейін суармалы жер көлемі қаншаға артатынын сұрады.  Бұл орайда әкімге 1,5 мың гектар суармалы жердің  айналымға қосылуы туралы айтылды. «Жыл сайын облыс бойынша 170 миллион текше метрге дейін ылғал жетіспейді. Ағымдағы жылы біздің шаруаларымыз суармалы судың тапшылығын сезбеуі тиіс. Біздің міндетіміз – суармалы жерлердің көлемін 200-210 мың гектарға жеткізу. «Тасөткел» су қоймасын жөндеу, кем дегенде үш шағын су қоймасын салу жұмыстары жоспарлануда. Біз суды жинауға және сақтауға дағдылануымыз керек. Суармалы су мәселесін шешу арқылы өңіріміздің шаруалары үшін жоғары рентабельді дақылдарды егу және жоғары өнім алу мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Қант қызылшасының егісін ұлғайту қажет. Базардағы тәтті өнімнің құны өсіп келеді десек, бұл тұрғыдағы басты мақсат – облысымызды қантпен қамтамасыз ету. Бұл ретте сапалы тұқымдарды пайдалануға назар аудару қажет. Біз осы мәселе бойынша семинар өткізетін боламыз», деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, Меркі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Құралбай ауданда 3,5 миллиард теңгеге 41 арнаны қайта жаңғырту және 5,6 миллиард теңгеге 46 ұңғыманы салу жобалары жүзеге асырылуда екенін айтты. Бұл жұмыстар жергілікті аграрлық сектордың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз екенін жеткізді. Ал, еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Сергей Громовтың айтуынша, құны 922,4 миллион теңге болатын жобаның тапсырыс берушісі – аталған министрліктің су ресурстары комитеті екен. Нысанның ашылу салтанатында бас ғимарат іске қосылып, канал арқылы  алғашқы су ағыны жіберілді. Енді «Аспара қосымша сумен қамту трактісі» және  «Үлкен Шу» каналының батыс тармағының төменгі бөлігінде жерлері бар шаруалар ойдағыдай өнім ала алады деп айтуға болады.

Жамбыл облысы