Қоғам • 31 Наурыз, 2020

Індетпен күресушілерді ілкімді қолдау

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Билік пен бұқара жұдырықтай жұмылып қызмет еткенде ғана індетті ауыздықтай алады. Әсіресе басын бәйгеге тігіп, алдыңғы шепте жүрген ақ желеңділердің еңбегі ерен. Ендеше коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне Үкімет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирі арқылы онлайн брифинг өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы сұрақтарға жауап берді.

Індетпен күресушілерді ілкімді қолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында: «Санитарлық-эпидемиялық саладағы күрделі кезеңде еңбек етіп жат­қан дәрігерлерді қаржылай қол­даудың жаңа пакеті қажет. Олар соған лайықты», деді. Осыған орай кеше Премьер-Министр Асқар Мамин Мемлекеттік ко­мис­сияның отырысын өткізіп, арнайы шешім қабылданды. Онда медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген.

Дәурен Абаев ең алдымен осы топтарды атап өтті.  «Бірінші топ – бұл реа­нимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 3284 маман. Олардың жалақысына үстемеақы айына 850 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда, олар айына шамамен 1 миллион теңгенің үстінде алады. Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері.

Барлығы – 11 951 маман. Олардың үстемеақысы айына 425 мың теңгені құрайды. Яғни орташа айлығын қосқанда, олар айына шамамен 600 мың теңге алады. Үшінші топ – карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел-жәрдем жүргізушілері және т.б. Барлығы – 10 993 қызметкер. Олар айына 212 мың теңге үстемеақы алады. Яғни орташа айлығын қосқанда, олар шамамен 380 мың теңге алады», деген министр медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де пысықталғанын жеткізді. Яғни олар ауырып қалған жағдайда 2 млн теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Ал қайтыс болған жағдай кездессе, 10 млн теңге мөлшерінде төлемақы беріледі.

Бұдан бөлек волонтерлер мен меценаттар да қайырымды істі қолға алып жатқанын жеткізген  Д.Абаев: «Елімізде күн сайын жүздеген волонтер, меценат қайырымдылық жасауда. Өнер адамдары онлайн-концерт беруде. Одан басқа да мейі­рімділік шаралары көп. Осы­ның барлығы рухымыздың мық­тылығын дәлелдейді. Бұл ша­раға бизнес өкілдері де атсалысуда. Мысалы, «Кар-Тел», «Кселл», «Мобайл Телеком-Сервис» компаниялары коронавируспен күресіп жатқан барлық дәрігерлерді тегін ұялы байланыспен қамтамасыз етті. 20 мыңнан астам медицина қызметкеріне тегін байланыс және интернет пакеті берілді», деді.

Мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы осындай қысылтаяң сәтте көрінеді. Осыны айтқан министр Президенттің тапсырмасымен 18 наурыздан бастап шетелдегі 7702 Қазақстан аза­маты мемлекет көмегімен ел­ге жеткізілгенін, тағы 752 аза­мат­ты әкелу жұмыстары ұйым­дас­­тырылып жатқанын атап өтті. Бұл мәселелер Мемле­кет басшысының ерекше бақылауында.