Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Зайсанға аққулар келіп қонып жатыр

585 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шырайлы Шығыстың айна көлі – айдынды Зайсанның маңына аққулар келіп қонып жатыр, деп хабарлайды жергілікті тұрғындар.

Зайсанға аққулар келіп қонып жатыр

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Зайсан ауданына қарасты Біржан ауылының іргесіндегі Шеген фермасының жанындағы көлшіктерге кешелі бері екі жұп аққу қонған. Қонып қана қоймай, емін-еркін еркелей жүзіп жүр. Ал бұл елді мекен Зайсан көліне құятын Ертіс өзенінен де, көлден де бірнеше шақырым ғана қашықта орналасқан, көлшіктер мен өзендердің бәрі Ертісті толтыра келіп, Зайсан көліне құяды. Көлдің өзі Біржан ауылдық округіне қарасты Ақарал ауылынан 15 шақырым жерде ғана.

Еске салсақ, осыдан біраз күн бұрын көлдің екінші жағындағы Тарбағатай ауданына қарасты Қандысу өзеніне де аққу қонғанын ақжарлық ағайындар сүйіншілеп жеткізген болатын. Енді міне, Зайсанның жағалауларын құс еркесі аққулар махаббат думанына бөлеп жатыр.

Көктем шыққанымен, қыстың ызғары әлі қайта қоймаған аймаққа махаббат символдарының ерте келуін коронавирус қысқан қазіргідей қиын уақытта зайсандық жұрт жақсылықтың нышанына балап отыр. Тіпті, бұл сирек құбылысқа арнап қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын біржандық ақын Бақытбек Қызырұлы арнайы жыр да жазған екен.

Төрт аққу!

Төрт аққу ұшып ауылымның шетінен.
Топталып күзде, жылы жаққа кетіп ең...
Көктемде келіп қалдың ба жерді сағынып?
Табылыпсыңдар Шегенде көлшік бетінен?!

Неге келдіңдер қар әлі дұрыс кетпеген?
Ертісім ағып, Зайсан көлге жетпеген.
Сауыр - Сайқан мұз болып тұр ғой қозғалмай.
Ызғар жел соғып, өтпесін салқын өкпеден.

Алты ай уақыт, қалай өтті екен ол жақта?..
Амалсыздықтан, жүрдіңіздер-ау күн қақта.
Жылы жақтардың, қалдары қалай жақсы ма?
Жіберіп ойды, ар жағын өзің жұмбақта...?!

Тіліңді білмейм, әттең ай сөзге тартар ем?
Таң атырып, көл жағалап жатар ем!
Өмірге керек, көп нәрсе мен де жазып ап.
Күнмен батып, таңмен бірге атар ем!

Құс екеш құстың, сұлуысың арланған!
Жүзіңді көріп, адамзат сірә таңданған.
Махаббатқа да беріктік жағы сіздерде...
Табиғатқа да әдемі болып таңдалған!

Қуанып жатыр, ел жұртым сіздер келгенге!
Сағыныш оты басталады ау жерденде...
Әр адамның бұл өмірде арманы.
Қартайып барып, туған жерде өлгенге!

Отырыңдар, шаршап келдіңдер, ұшпаңдар!
Жан-жаққа қара, келіп қалмасын дұшпандар?
О адамдар, серт берші аққуды атпауға?
Сөз берсеңдер тастамай оны ұстаңдар!