Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Солтүстік Қазақстанға да шектеу шаралары енгізіледі

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1 сәуірден бастап Солтүстік Қазақстан облысында да індетке қарсы шектеу шаралары енгізілетіндігін облыс әкімі Құмар Ақсақалов жария етті.

Солтүстік Қазақстанға да шектеу шаралары енгізіледі

«Петропавл қаласының айналасына басты бағыттар бойынша блок постар қойылады. Шығу мен кіруге тек қана маңызды қажеттілік болған жағдайда ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар құжаттар ғана тексерілмейді, санитарлық және ветеринарлық қызметтер сауалнама да жүргізетін болады. Блокпостардың негізгі міндеті жүріп-тұруды шектеу. Тек жұмысқа, ауруханаға немесе іскерлік мәселелермен ғана жүруге болады», деді әкім. Одан әрі Қ.Ақсақалов барлық аудандарда да блокпостар қойылатынын ескертті. Барлық отбасылық салтанаттар, тойлар ТЖ уақытында болмай, кейінге шегеріледі. Қаланың әуежайы қазірдің өзінде жабылған. Теміржол билеттерін сату тоқтатылған. Вокзал тек 27 наурызға дейін билет алған жолаушыларды ғана қабылдайтын болады. «Бұл шаралар ескертпелер емес, ТЖ байланысты талаптар. Сондықтан ол сөзсіз орындалуы керек. Полиция осы талаптардың орындалуын қатты қадағалайтын болады», дей келіп одан әрі Құмар Іргебайұлы: «Адамдар неғұрлым қоғамдық орындарда көбірек болса, солғұрлым індетке ұшырау қаупі зор», деп ескертті. 

Облыстағы барлық балабақшалар жабылатын болған, 65-тен асқан жасы ұлғайған азаматтардың бәріне үйден шықпау қажеттігі ескертілген. Қоғамдық орындарда үш адам жиналғанның өзінде бір-біріне жақындауы екі метрден кем болмауы керек. Мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары, ауруханалар, коммуналдық қызметтер қалыпты режімде жұмыс істейді. Қалған кәсіпорындар мен жұмыс орындары қызметкерлерін мүмкіндігінше дистанциялық режімге ауыстыруы керек. Тамақтандыру орындары, банктер  кезекке тұратын клиенттерінің санын бесеуден асырмайтын жұмыс күндеріне көшкені жөн. Олардың өзара қашықтығы да екі метрден кем болмауы  қадағалансын. Қоғамдық көлік таңғы сағат жетіден кешкі 20.00 сағатқа дейін ғана істейтін болады. Дизенфекция жасау жұмыстары да жиілейді. Бүгіннен бастап барлық қоғамдық орындар дизенфеекцияланады.

Осы мәселелердің бәрін айтып келіп, сөзінің соңында әкім Президенттің тапсырмасына сәйкес вирусқа қарсы күресіп жатқан дәрігерлердің еңбекақылары өсетінін жеткізді. Алдымыздағы үш ай бойы медицина қызметкерлерін вирус жұқтыру тәуекеліне қарай үш топқа бөлінеді, соның ішінде инфекциялы стационардың қызметкерлерге ең төменгі еңбекақы көлемінің 20 рет еселенген көлемінде, яғни 850 мың теңге қосымша төленеді. Провизорлық стационарлар мен «жедел жәрдем» дәрігерлеріне  425 мың теңге, ал карантинде жұмыс істейтін қызметкерлерге 212 мың қосымша ақы төленеді деді ол.

Солтүстік Қазақстан облысы