Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Махамбет Досмұхамбетов: «Той-томалаққа, адам көп жерлерге бармау –өз өміріңді сақтау»

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңір тұрғындарына сақтық ережелерін сақтауға байланысты үндеуін жолдады.  

Махамбет Досмұхамбетов: «Той-томалаққа, адам көп жерлерге бармау –өз өміріңді  сақтау»

Әкімнің жұртшылыққа үндеу жолдауына Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырушылардың 13-ке жетуі себеп болып отыр. Осыған орай Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мейіржан Есімбаевтың қаулысымен 30 наурыздан бастап Атырау қаласында карантин, ал, облыс аумағында шектеу шаралары қабылданды.

«Біз сіздердің амандықтарыңыз бен қауіпсіздіктеріңіз  үшін осындай қадамға бардық.  Мақсатымыз қауіпті вирустың таралуының алдын алу.

Сақтансаң сақтайды! Бұл вирусты жеңудің төте  жолы  — гигиеналық тазалықтың мінсіздігі мен үйден шықпау. Той-томалаққа, адам көп жерлерге бармау –өз өміріңді  сақтау. Өзгенің өміріне қауіп төндірмеу екені естеріңізде болсын. Әлемде коронавирусты жеңудің бұдан асқан емі табылған жоқ.

Қонаққа бару, базар мен дүкендерде топырлап жүру ең үлкен қауіп екенін ескертемін. Себебі, жүріс көбейген сайын  вирус көбейеді. Шұбырып әрі-бері жүргенді қойыңыздар.

Өзіңізді, бала-шағаңызды, әулетіңізді ойласаңыз, үйден көп шықпаңыздар. Қазына қарияларымызға да қатер төндірмеуді ойлаңыздар. 

Күнделікті бір адам ғана керек-жарақты әкеліп тұрса, бұдан асқан қорғаныс жоқ. Сабырмен, ақылмен аз ғана уақыт шыдасақ, күнделікті өмірімізге қайта ораламыз. Сонда ғана аурудың тарауы  тез тыйылып, жұқтырғандарды  жылдам емдей аламыз.

«Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» дейді атам қазақ. Сондықтан қазір әсіресе, жастарды қатты ұстаңыздар. Өйткені, әлемнің көптеген елінде инфекцияны тасушы әрі өзгелерге жұқтырушылардың басым көбі жастар екені айтылуда.

Қазір бұрынғы заман емес, байланыс құралдары дамыған. Әлеуметтік желілер мен   мессенджерлер арқылы тума-туыс, көрші-қолаңмен еш қиындықсыз тілдесе аласыздар. Үйде кітап оқып, кино көріп, балаларыңыз бен отбасыларыңызға көбірек көңіл бөліңіздер. Бұл күндерді – сол үшін таптырмас мүмкіндік ретінде көріңіздер.

Тәртіп бұзғандарға тиісті құқық қорғау қызметтері қатаң шаралар қолданатынын ескертемін. Сіздерді де тәртіпті болуға ғана емес, тәртіпті бірге қорғауға шақырамын. Себебі, бұл –баршамыздың  қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан шаралар», -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұртшылыққа арнаған үндеуінде.   

 

Жұмасат ҒАЗИЗ