Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Ұрлық та өрістеп барады

236 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгідей қысылтаяң тірлікте ұрлық та өрістеп кетеді екен. Дана қазақтың «жұт жеті ағайынды» дегені рас-ау. Соңғы кезде ғана Петропавлдың дүкендерінен тапа-тал түсте үш ұрлық болғаны тіркеліп, әйтеуір олардың бәрі де ашылды.

Ұрлық та өрістеп барады

Соның ішінде 25 жасар әйел дүкеннен ұрлап алып шыққан куртканы сатып тұрған жерінде қолынан ұсталды.  Алдында, үш апта бұрын ғана сол әйел сол дүкеннен куртка ұрлап, ұсталған екен. Енді тағы да сол қылмысын айнытпай қайталаған. Абыройсыздық дегеннің де шегі болмайды екен-ау...

19 жасар жас ұры да ұрлықтың оңай тәсілін ойлап тауыпты. Ол өлшеп көрмек болып, бірнеше куртканы алып, шымылдықпен жабылатынын айнаның алдына барған. Сол жерде ұрлайтын заттарының чипін жұлып тастап, үстіне киіп алған да, сыртынан өзінің ескі курткасын іліп алыпты. Дүкеншілер  қырағылық танытып, одан күдік алып, қолынан ұстаған екен. Сауда орнының иесі полицияға арызданған.

Қазір ұсталғандар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл екі жағдайдағы келтірілген шығынның орны толтырылып, тараптар келісімге келді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 187-бабымен 80 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу көзделген.

ПЕТРОПАВЛ