Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзғандар қамалды

437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен елімізде бір айға төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Алайда, 16-27 наурыз аралығында Шымкентте төтенше жағдайға байланысты кейбір шектеулерді бұзғаны үшін, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 476-бабымен 22 адамға қатысты әкімшілік іс қаралған. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби айтып берді. 

Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзғандар қамалды

- Тәртіп бұзғандардың ішінде 18 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылданып, ал 3 әкімшілік іс бойынша жеке тұлғалардың сот отырысына белгісіз себептермен келмеуіне байланысты, оларды сотқа күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған. Сондай-ақ, осы Жарлықта көрсетілген мiндеттi санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамай, кейбір мейрамханалар мен моншалардың және ойынханалардың жұмыс істеуіне жол берген 13 адамды қамауға алу туралы сотта қаулы қабылданып, 5 адамға қатысты 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Ал әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауына байланысты 1 адам жауапкершіліктен босатылған, - дейді ресми өкіл Қабыл Дүйсенби.

Алдағы уақытта осындай әкімшілік құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында, қалалық сот әкімшілігі жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерді төтенше жағдай режимін сақтауға және оны орындауға шақырады.