Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Жамбыл облысының барлық аудандарында сақтық күшейтілуде

616 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгіннен бастап Жамбыл облысының аумағында шектеу шаралары енгізілді. Ірі сауда орындарының, киім базарларының, мейрамхана, монша, шаштараз сияқты әлеуметтік нысандардың жұмысы тоқтатылды. Облыс аумағына кіретін, шығатын көлік қозғалысы шектелді.

Жамбыл облысының барлық аудандарында сақтық күшейтілуде

Бүгінгі таңда облыстың барлық аудандарында сақтық шаралары күшейтілуде. Халықаралық «Алматы-Ташкент» тасжолының бойында орналасқан Т.Рысқұлов ауданында халық көп шоғырланған көшелерде арнайы дауыс зорайтқышпен жұртшылыққа үйден шықпау, оқшаулану талаптары, коронавирус инфекциясының алдын-алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары аясында ауданда 3 жерде блок-посттар жабдықталып, тиісті мамандар тәуліктік жұмыстарын бастап та кетті. Ал, еліміздің Алматы облысы және көрші Қырғыз Республикасымен шектесетін Қордай ауданында да бүгіннен бастап шектеу шаралары енгізілді. Сол сияқты еліміздің Түркістан облысымен шектесетін Сарысу ауданында да күн сайын штаб отырысы өткізіліп, аты жаман індеттің алдын алуға тиісті мүмкіндіктер жасалуда. Түркістан облысына шыға берісте орналасқан Жайылма ауылының тұсына санитарлық бекет орнатылған. Әкімдіктің мәліметінше, оның жұмысы қатаң бақылауда. Сонымен қатар, аудан бойынша 8 мейрамхана-тойханалар жұмысын тоқтатқан. Еріктілердің бастамасымен аудан орталығы Жаңатас қаласы мен ауылдық округтерде 21 тігін цехы өз жұмысын бастап, халыққа 3500-ден астам медициналық маска таратылған. Ал, еліміздің Қарағанды облысымен шектесетін Мойынқұм ауданында дезинфекциялық жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы бірқатар жерлерге коронавирус індетінен сақтану жолдары туралы жазылған түсіндірме жұмыстары ілінген. Сондай-ақ, аудандағы мейрамханалар жабылған. Айта кетейік, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінде Жамбыл облысы бойынша 16 блок-бекет жұмыс істейді. 

Жамбыл облысы