Кеше онлайн жүйесі бойынша бас қосқан Қазақстандағы электронды сауда сегменті өкілдері бұл жаңалық әлемдік электронды сауда желісімен интеграциялануға мүмкіндік беретінін айтты. Себебі миллиардтаған тұтынушысы және әлемнің кез-келген елінде аккаунт–терезесі бар Alibaba мен Wildberrie қазақстандық тауарлар үшін көпір міндетін атқармақ.
Қазақстандық тауар өндірушілер енді осы мүмкіндіктің жалына жармасып, әлемдік нарыққа шығуға әрекет етіп жатыр. Ептілері электронды сауда желілерін ашып, нарықтан ертерек орын алуға жанталасып жатыр.
Қазақстандағы ең үлкен тоқыма өндірушісі және IKEA жеткізушісі, AGG-Group ЖШС директоры Гаухар Насырова бізбен әңгімесінде бұның қазақстандық тауар өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады. Себебі осыған дейін жан-жақтағы елдер түгілі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы сауда үйінен орын алудың өзі мұң болатын. Г. Насырова қазақстандық тауарларды электронды сауда желілері бойынша ашық нарыққа шығару мемлекеттік деңгейде қарастырылуы керектігін тілге тиек етіп өтті. Егер, алғашқы жылда мемлекеттік деңгейде қолдау болмаса баға жағынан түрік немесе қытай тауарларымен бәсекеге түсу қиын.
«Интернеттегі сауда желілері сән әлемі индустриясының дамуы үшін жақсы мүмкіндік. Себебі оларға нарықтан орын табу қиын емес» дейді Гаухар Насырова.
Г. Насырованың түсіндіруінше, қазақстандық өнімдерді саудалайтын агенттерге MEGA, Dostyk немесе Shymkent Plaza сауда үйлерінде тұру үшін 1 жылдық табысының тең жартысын жұмсауға тура келеді екен.
Нарықта тұтынушының талғамы ғана соңғы нүктені қояды. Ал біздің тігін цехтарында дайындалған киімдеріміз тұтынушының талғамына сай келе ме деген сұраққа «ARCADA» компаниясының коммерциялық директоры Эльза Розенталь отандық киім индустриясында күнделікті тұрмысқа қажетті аяқ киімнің, киім-кешектің үлесі өте аз екенін айтады. Қазақстандық тауарлар сауда үйлеріндегі В, С-В категориялары аудиториясының талабына сәйкес келмейді екен.
Эльза Розентальдің сөзінен ұққанымыз біздің тауар өндірушілердегі ортақ кемшілік менеджменттік біліктілік жетіспейді. Қазақ нарығындағы сұранысы жоғары киімдерді ұсынатын түрік компаниялардағы дизайнерлер аудиторияның жас ерекшелегіне қарай сұрыпталып отырады. Әр тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, соған сәйкес киім үлгілері де өзгертіліп отырады. «Ішкі нарық 16 мен 32, 32-45, 45-58 және 58 жастан жоғары жастағы аудиторияның талғамына сай бейімделген. Нарықты алға жылжытушы жас 16 мен 32 және 32 мен 45 жас пен 58 жас аралығындағы аудиторияның талғамын дөп басу өте қиын. Ішкі нарықта солардың тілін тапқандардың жолы болады» дейді Эльза Розенталь.
Эльза Розенталь осы тұста мамандар, елдегі киім-кешек индустриясы күнделікті емес, сән индустриясына бағытталғанын айтады. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген компаниялар бізде жетеді. Олардың алды шетелде өтетін байқауларда жүлде алып та үлгірді. Бірақ олардың қолынан шыққан киімдер элиталық дүкендерде хенд-мейд ретінде эксклюзив ретінде сатылады екен. Розенталь ханымның айтуынша, олардың бағасы еуропалық брендтердің люкс класындағы киімдердің бағасымен бірдей. Сондықтан олар жалпыға бірдей қолжетімді емес. «Электронды сауда желілерінің мүмкіндіктері көп. Әркім қалағанына тапсырыс береді. Бірақ біздің тауарлар қытай немесе түрік таураларымен ашық бәсекеге төтеп бере алмайды. Сол себепті мемлекеттің қолдау керек » деп сөзін түйіндеді Эльза Розенталь.
Отандық жеңіл өнеркәсіп үшін электронды сауда агрегаторы рөліне үміткерлердің бірі - BMC Sales филиалының сату желісі. Платформаны бірнеше жыл бұрын Bench Mark Consulting ЖШС жасаған. Бұл серіктестік директоры Аскер Башеев елдің жеңіл өнеркәсіптің барлық өкілдері өз сайттарында жұмыс істей алатындығын айтады.
«Электронды платформаны нөлден дамыту үлкен қаржылық салымдар мен уақытты қажет етеді, бірақ бізде дайын отандық цифрлық платформа бар. Ал Қазақстанның Alibaba және Wildberries-дан 50 аккаунт электронды сауда сегменті үшін үлкен мүмкіндік» дейді Аскер Башеев.
Функционалдылығы мен қолайлылығы жағынан BMC сатылымдары Alibaba мен Wildberries-ден әлі де алыс, бірақ компания электрондық коммерция арқылы сатылымдарды кеңейтуде нақты тәжірибеге ие.
Башеевтің айтуынша, платформаның бес жыл ішінде BMC желісі шағын бутиктен бастап, елдегі балалар мен мектеп киімдерін негізгі жеткізушіге дейін өсіпті. Үш жыл бұрын BMC импортты алмастыру бағдарламасы аясында өндірісті кеңейтіп, балалар мен мектеп киімдеріне арналған тігін фабрикасын ашыпты. «Тауар құнын төмендететін фактор – оның саны. Линиядан шығатын тауар саны артқан сайын баға да төмендейді. Біз осы күнге дейін 1 тауар түрін 2000 данадан асырмайтынбыз. Сондықтан оның бағасын төмендетуге мүмкіндік болмады. Енді әлемдегі деңгейдегі платформаның сауда акккаунттары әлемдік нарыққа жол ашты. Енді сол нарықтан біз де орын алуға тырысамыз» дейді Аскер Башеев.
Марино Мади брендінің негізін қалаушы, өзінің бренд киімдерін Франция мен Италия базарларында сататын Мадино Сыпатаева журналистермент кездескен кезде Alibaba сайтына мемлекеттік қолдаусыз кіргенін айтыпты. Қазақстандық дизайнердің өнімі Еуропада, Қытайда сұранысқа ие.
«Қазір біз Димаш Құдайбергенмен, әйгілі спортшыларымызбен ынтымақтастық орнатуға тырысып жатырмыз – бұл Қазақстанның тауарларының әлемдік нарыққа шығуына, танылуына жол ашады. Бұл үшін сән индустриясы не дейді деп бас қатырудың қажеті жоқ. Тек сапасы жоғары маталар болса болды. Одан кейінгі шаруаны нарықтың талғамы реттейді» дейді Мадино Сыпатаева .
Сарапшылардың 2020 жылғы электронды коммерция нарығына жасап отырған болжамы жағымды: Болжам 2019 жылғы өсімнің сақталатынын айтып отыр. Қазіргі үйдің терезесінен далаға телмірткен төтенше жағдайлар кезінде электронды сауданың жұмысы жақсы жүріп жатыр.
«Емarketer» сараптама жасайтын агенттік 2019 жылдағы ішкі және сыртқы нарықтың интеграциясы біз күткен болжамнан асып түсті деп отыр: 2018 жылдағы сауда айналымы 2,304 трлн АҚШ долларына жеткенін айтады.
Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24.8 пайызға көп екен. Сарапшылар 2019 жылы интернетті пайдалану, мобильді трафиктің үлесі, онлайн сауда 2020 жылдағы нарықтың беталысын анықтайтын негізгі трендтерге айналатынын айтып үлгірді.
Әлемдік статистикадағы Қазақстанның үлесі, сарапшылардың пайымдауынша мәз емес. IT нарықтағы жағдайды бақылап отыратын ресми ведомства да, кәсіби қауымдастық та жоқ екен. ҰЭМ Статистика жөніндегі комитеті 2019 жылдағы интернет сауда мен онлайн сауданы 264,52 млрд теңгеге жеткенін айтады.
Қазақстанның интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығы біздің елдің әлемдік нарықтағы үлесі 1,9 пайыздың айналасында дейді. Бұл жақсы көрсеткіш емес, АҚШ-та, Қытай мен Жапонияда бұл 10-15 пайыздың айналасында болса, Өзбекстанда 4.5 пайызға жетіп қалыпты. Ал Ресейдің көрсеткіші 6,2 пайыз. Ал үкімет болса 2021 жылы Қазақстандағы е-коммерция нарығы 9 пайызға жетеді деп үміттеніп отыр.
Мамандар екоммерция нарығы қатал бәсекелістік жағдайына көшкенін айтады. Ішкі нарықтың 70 пайызы қазір Қытай мен Ресей е-коммерция нарығы өкілдерінің қолында. Егер қызмет мәзірінде кішкентай ғана кінәрат болса, тұтынушының көзқарасы өзгеріп, басқаға ауып кетуі әдбен мүмкін.
Отандық е-коммерция нарығы ойыншыларына Қазақстанның ішкі нарығының тарлық ететіні осыған дейін де байқалған болатын. Олардың Орталық Азия нарығына шығуы отандық компаниялардың санын көбейтіп, қаржылық капиталын арттырып отыр. Интернет сауда қауымдастығының өкілдері Өзбекстан халықаралық төлем жүйесіне қосылған кезде отандық компаниялардың екінші тынысы ашылатынына сенімді.
«Өзбекстан мен Қазақстандағы е –коммерция нарығының 76 пайызы Ташкент пен Алматының үлесінде. Қалғаны 24 пайызы өзге аймақтар. Егер, бұл жалпы халықтық сипатқа ие болса, екі мемлекеттің ойыншылары өзгелерді нарықтан ығыстырып шығара алады», –дейді интернет сауда қауымдастығының өкілдері.
Мобильді қосымшалар бағдарламалары интернет сауда үйлерінің сайттары үшін тапсырыс қабылдау мен орындаудың тетіктерін барынша жылдамдату үшін жұмыстар жүргізіп жатыр. «Маркетлейстерді ХХI ғасырдағы онлайн сауданың феномені деуге болады. Бір ғана сервиздің көмегімен әлемнің кез-келген нүктесінде қонақүйден орын брондауға,тауарларды сатып алуға, тіпті тақсига тапсырып беруге болады»,–дейді CEO Satu.kz сараптама орталығының өкілі Иван Портной.
Оның айтуынша, Қазақстанда электронды коммерция индустриясында көшбасшы болуға, Орталық Азия нарығындағы үлесті көбейтуге мүмкіндік бар. Динамикалық дамуға бірнеше фактор кедергі келтіріп отыр. Бірінші фактор интернет –коммерция алаңдарының аздығы. Жетілдіруді тездететін фактор – логистика. Тауар өндірушіден интернет сатып алушыға дейін жеткізу процесін жылдамдатуға бірнеше жыл кетуі мүмкін.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2019 жылы 110 жаңа онлайн-сауда мекемесі тіркелген. Ал сауда нарығында 1658 интернет-дүкен жұмыс істейді. Осы нарықтағы тұтынушылар саны 5%-ға артып, 71,6 мың адам еңбекпен қамтылды. Елімізге электрондық сауда түсінігі 2005 жылдан бері ене бастады. Тұрғындардың онлайн-сауданы меңгеру деңгейі 2015-2016 жылдармен салыстырғанда 35 пайызға өсіпті. Бұл Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны интернет сауданың мүмкіндіктерін түсіне бастағанын білдіреді.
Демек Alibaba және Wildberries дегі 50 аккаунтты әлемдік нарыққа ашылған терезе деп қабылдауға болады.