Айталық, Ақтөбе облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұл-бұл Елеусінованың мәлімдеуінше, биылғы 2020 жылдың екінші тоқсанында АӘК-ге тұңғыш рет құжат тапсырғандар үшін жаңаша тәртіптер белгіленген. Яғни олар бұл кезеңде электронды қолтаңбасымен электронды үкімет порталына кіруі керек. Содан соң оған өздері туралы деректерді енгізіп, өтініш қалдырады. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы мен облыс аумағына ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізілген. Осындай сыни сәтте облыстық бюджеттен әлеуметтік осал топтарды қаржылық жағынан қолдау шаралары белгіленді. Әрине, бұл іс бас-аяғы жоқ, «Көлденең көк аттының» бәріне шүлен тарату емес. Еліміздегі қалыптасқан нормативтер мен талаптарға сәйкес атқарылмақ. Бұл жөнінде өз ой-пікірін Egemen.kz тілшісіне сала жетекшісі төмендегіше жеткізді:
- Қаражат көлемі әр жан басына шаққанда күнкөріс деңгейі 27666 теңгеден кем болған жағдайда төленеді. Сөйтіп, осы тәртіпке сәйкес өңірдегі аз қамтылған және көп балалы отбасыларға және жалғызілікті қариялар мен әлеуметтік аурумен ауыратын науқастардың отбастарына сәуір айынан бастап жиырма мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалады. Бұл қаражатты алушыларға еш жерге аяғымен барудың қажеті жоқ. Өйткені арнайы жасақталған базада осындай санатқа кіретін азаматтардың деректері сақтаулы. Жәрдемақылар осы мәліметтер бойынша жасақталып, азаматтардың есепшоттарына аударылады, - деді басқарма басшысы.
АҚТӨБЕ