Руханият • 01 Сәуір, 2020

Сөз сойыл №92

10637 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1 сәуір – КҮЛКІ КҮНІ 

 

 Қайран әліппе!..

Тоқсан жыл оқып-тоқып «Әліппені» –

Көзге ыстық, көңілге тоқ әріптері.

Тоқсан жыл бар қазақтың ғұламасы,

Білімнің кілтін ашып дәріптеді.

Аяқтан сол «Әліппе» маталды да,

Басына «ақырзаман» тақалды да,

Басына телпек емес, қалпақ киіп,

Ғайыптан «сауат ашу» аталды ма?!

Күнде бір «реформа» бұрқыл қағып,

Қалдық-ау «Әліппенің» жұртын бағып.

Ғұмыры үш ғасырлық күліп жатыр,

Орыстың «Буквары» тырқыл қағып...

Сөз сойыл №92

 

Қайда барсаң қысқарту

Осы біздің заманда,

Қайда барсаң қысқарту,

Қарапайым адамға

Болмай жатыр іш тарту.

«Қаржыны біз үнемдеп,

Сақтаудамыз» деп жатыр,

Миллионды «түгендеп»,

Ал жемқорлар жеп жатыр.

 

«Құйрығы жуан диірмен тартады»

Өндірісі өрлеген,

Жіңішкеріп көрмеген –

Бір кәсіпорын бар еді,

Өзінше биік жал еді.

Аяң жорға шабысы,

Таразылы табысы,

Сол өндіріс орнына

Бір дөкей «ғашық» болды да –

«Бұлар енді дәрменсіз» деді,

«Күш-қуаты пәрменсіз» деді,

Адамы артық штатты,

Бастығы бір шал тісқақты»

Деп, «банкротқа» шығарып,

Лақтырды «бұғалық».

Тексертіп, тергеп тартып алды,

Жұмысшылар тірліксіз қалды.

Әлімжеттік жасаған,

Тас атты да тасадан,

Соттаспай-ақ жеңіп шықты,

Желі оңынан тұрып желіп шықты.

Әлгі дөкей тым қалталы екен,

Халық дұрыс айтады:

«Құйрығы жуан диірмен тартады екен».

 

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы

 1

Бірде...

Белгілі журналист Әшірбек Аманкелді университетті бітіргендеріне 20 жыл толуына орай, курстастар кездесуін өткізуге белсене араласса керек. Мұндағы басты мәселе ақша жинау екені белгілі. Курстастар тізімін жасаған Әшекең бірге оқыған досы, белгілі жазушы-журналист Дидахмет Әшімханға келіп, мән-жайды түсіндіріпті. Бір себебі болды ма, сол кешке баруға зауқы соқпаған Дидағаң:

– Әшірбек, мен сендермен басында оқып, соңында басқа курспен бітірдім ғой, – деп өзінің қатысуға ниеті жоқтығын білдіріпті.

Қашанда жауабы дайын Әшірбек өз курстасына қарап:

– Дидаш, банкеттің басында отырып, ортасында шығып кетесің ғой! – деген екен.

***

Иран Ғайып ағайындарының амандығын бiлмек болып, Қызылордаға кеткен сайын Алматыда бiр досы дүниеден өтедi екен. Бiрде Кеңшiлiктен, тағы бiрде Жұматайдан айырылыпты. Осы жағдайды сырттай байқап жүрген досы Жарасқан бiр кездескенде Иран Ғайыпқа:

– Сенiң ауылға кеткенiң – бiзге қауiптi. Өзiң бiлесiң, екi досымыздан айырылдық. Сенен үлкен өтiнiшiм бар. Бiраз уақытқа дейiн Қызылордаға бармай тұра тұршы. Менiң қазiр жүрегiм ауырып жүр. Әлгi анау ше?.. Оның да бүйрегi ауырады. Сәл шыдай тұр, – дейдi.

Мәселенi тез түсiне қойған Иранбек әзiлге басып:

– Олай болса, маған кезектесiп күнде екi саптыаяқ сыра әперiп тұрасыңдар. Осыған келiсесiңдер ме? Әйтпесе, ауылға бiржола көшiп кетiп, бәрiңдi «қырып» саламын, – дептi.

Көрген БІЛГЕНОВ

 

АНАУ-МЫНАУ

(Сахналық скетч)

Анау мен мынау сахнаның екі жағынан бір-біріне қарама-қарсы шығады. Өздерін бір-біріне байқатпауға тырысады. Жүздерінен жақтырмағандық, жек көру нышаны білінеді. Бір-бірін көрмегенсіп, бұқпантайлап, алысырақтағы микрофондарға тақап, кезекпе-кезек күбірлеп сөйлей бастайды.

2

Анау: “Асығыс кезде сайтандай сап ете қалғанын айтсаңшы. Өзі де бір көк мылжың! Қазір жолықтың бар ғой, кемі отыз минут “тергеп зерттейді”. Бұның жанында тергеушінің өзі тері илеп тентіреп қалады. Түу, үрім бұтақты, сонау қырдағы әке-шешені қазбалап сұрап, көрмесе де үйдегі ешкіммен шаруасы жоқ бөпеге дейін барып, бөтелкеге үйренді ме, мамасының мамасын сұрап мазасын алмай ма, –  деп, туу, атам заманғы ішінің бұзылғанын сұрап мезі қылады... Өте шықсаң ғой, ертең-ақ: “Анау бастық болғаннан сау ма, көшеде қарсы ұшырасып едік, танауын көтеріп танымады” деген  жел сөз айтып жіберетіні сөзсіз... Өзін суқаным сүймейді. Қара құрым қалада көше сайын есендесіп, еңіресіп жатады. Танымайтыны жоқ. Қашан көрсең балаға да, шағаға да шарқ иіліп сәлем беріп мәймөңкеленіп жатқаны... Тағы өзі ұстаса айрылмайды... Осал жерді біледі. Дегенмен, шаруасы мығым, қара басының қамына келгенде Қарабайыңа қара көрсетпейді...”

Мынау: “Е, Анау, Әліп пе? Кергіп қалған біреу өзі... Сәлеміңді салғырт алады. Амандасқанымен хал-жағдай сұрасқанның жөнін білмейді. Тәрбиесі нашар. Көргенсіздің көк езуі! Жақтырмай тұрғанын білсем де бұрылайын. Бұрындары анау шаруаны істеп берерінде  иіліп иін ағаш, төселіп төсеніш болғаным бар. Дегенмен, амандасуға тұра ма өзі?”

Анау: “Отқа жанбайтын, суға батпайтынның өзі. Пысықайлығы мығым, керегі де боп қалар... е, көзіміз түйіскен сияқты. Енді бұрылып кету – ыңғайсыз”.

Мынау: “Көріп қалды, көз тайдырғаным көргендік болмас. Оның үстіне өсуге әлі мүмкіндігі бар деп естігенмін”.

* * *

Анау: – Оу, Әлеке, ас-са-лау-маға-лей-кум! Хал-жағдайларыңыз қалай? Үлкен кісілер, үй-іші, бала-шаға , кәрі-құртаң, шортан, ой, то есть, бәрі-бәрі аман-есен бе?! Бұлай кездесемін деп кім ойлаған. Өзіңізді сонадайдан көріп бұрылып келдім. Қалай, жеңгей, інішек, айтпақшы, әлгі бұзықтың іші тиылған болар?..

Мынау: – Аман-есен. Өз жағдай, келін-бала дегендей. Е, өзіңдей інішектерді көргенде бір жасап қаламыз. Қазір сәлем беріп, жағдайыңды сұраған пендеден артық жан жоқ қой... Е, бәрі баяғы көңіл де. Бір-бірімізге бөліп беріп жатқанымыз шамалы, осындай есендесіп, хал-ахуал сұрасқанға не жетсін. Е, өзің секілді естиярлар азайып бара жатыр емес пе. Амандаспақ түгіл, өзіңді иығымен қағып өтіп жанындағыға: “Анау жаңағы біздің ауылдың көк езуі” деп кекетіп бара жатқанын талай көргенбіз. Ой, өркенің өссін, өзіңді көріп бір жасап, сәлеміңді алып мың жасап қалдым ғой өзі...

Анау:  – Е, Әлеке, ағасы бардың жағасы бар дегендей, өздеріңізге кезіксек, аталы сөздеріңізді естісек, біз де бір жасап, мәртебеміз өсіп мәңгіріп қаламыз. Тоқтап, қол ұшыңызды бергеніңіздің өзі неге тұрады. Сіздің істеген жақсылығыңызды келініңіз көк езуленіп әлі айтып отырады. Қонақ етудің реті келмей қысылыңқырап жүргеніміз.

Мынау: – Оқасы жоқ, үлкендігімізді білдіріп үй көрсету бізден. Амандық болса араласамыз әлі... шақырысамыз әлі... шартпа-шұрт боламыз әлі...

Анау: – Онда жақсы... хабарласайық, жиі-жиі кездесейік, ретін тауып сұхбаттасайық, шұрқырасайық, құрқұлдасайық.

 Мынау: – Әлбетте! Құдай соған жеткізсін. Сау бола ғой... (Екеуі кете беріп, екі микрофонға сөйлейді):

* * *

Анау:  – “Дәмесін, кәрі қақпас!.. Қайтер екен десем, “құдай соған жеткізсін” деуін, сары сайтан! Өзі амандасуды үйренген екен. Е, бізді де бағалай бастағаны болар. Құдай кезіктіргеннен сақтасын. Қызметі өсе жатса көре жатармыз... Ал әзірге мұндай қызыл көзді түсімде де көрмей-ақ қояйын” (кетеді).

Мынау:  – “Қызыл сөзді қыздырды-ай кеп. Өзіңізді көрсем мәртебеміз өсіп, бір жасап қаламыз дейді-ай... Қонақ қылмақ ойы бар! Тапқан екен ақымақты! Хабарласқышын! Кездеспекшілін! Сұхбаттасқанда не айтпақ екен, ә? Көрмегенім сен болсын! Бір жерден тесіп шығып жатса көре жатармыз... Әзірге сені желкемнің шұқыры көрсін!.” (Кетеді).

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы

 

 СТУДЕНТТІК «СҮР» СӨЗ

Бір студент тарих сабағының емтиханынан «2» деген баға алып шығады. Сонда қасындағы досы оған ұрсып жатыр екен:

– Ей, ақымақ, не деген мисызсың?

– Не болды?

– Абылай ханның туған жылы мен өлген жылын білмедің бе, қауғабас? Портретінің астына жазып қойған ғой.

– Мен білмедім, портреттің астындағы сандарды Абылайханның телефон нөмірі шығар деп ойладым!

* * *

Студенттердің қатарынан бесінші сабағы өтіп жатады. Бәрі шаршаған. Бір студент  шыдамай оқытушыға:

– Біз шаршадық, жібере салсаңыз еді, – дейді.

– Жарайды, тек мына қолымдағы бор қалай бітеді, солай доғарамыз, – дегенде, артта отырған бір студент.

– Маған бересіз бе, мен оны жей салайын, – деген екен.

* * *

 Қаржы институтының профессоры соңғы емтиханын тапсырып жатқан студентіне:

– Ал жігітім, егер сенің басыңа аспаннан бүтіндей миллиард доллар топ ете қалса не істер едің? – деп қиғаштау сұрақ қояды.

– Профессор мырза, кешіріңіз, сол сіздің басыңызға құласын!

– Түсінбедім...

– Ол дегеніңіз, бақандай пәлен тонна салмақ қой...

 

Ауылдың айтқыштары

Егер өтіріктен жарыс өткізілсе біздің Мәдібай ағамыз бас бәйгеден үміткерлердің алдыңғы қатарында жүрген болар еді.

– Баяғыда жайлауда, – деп әңгімесін бастапты ол бірде. – Бәйбішем «қарақат, қарақат» деп қыңқылдап болмаған соң, жиырма келілік шелекті білегіме іліп алып ну жыныс өскен шатқалға түстім де кеттім. Жидектің қызығымен қалың өскен бір түп қарақатқа келіп қалған екенмін, дәл алдымнан күркіреп бір аюдың атып тұрғаны...

Қолда қару жоқ, қашар жерім тағы белгілі, өрге қарай аю мені аттата ма. Сасқанда ойыма бір амал түсе кетті. Атылып барып екі қолымды аюдың екі қолтығына тықтым да, бар күшімді салып қытықтай бастадым. Пәтшағар мұндай қытықшыл болар ма, ішек-сілесі қатып, домалап жатты да, кенет тыныштала қалды. Тамырын ұстасам, бейшара жүріп кетіпті.

Атпен сүйреп әкеліп, соймаймын ба. Мен етті түгел бұзып, қуырдақ турап болғанда, әншейінде пысық қатыным ішек-қарынды әлі мыжып отыр екен.

 – Әй, саған не болған? Әп-сәтте тазалап қоюшы едің ғой, – дегенімде ол өзіме дүрсе қоя берді:

 – Осынша қытықтай ма екен адам деген? Қарасаңшы, ішегі қырық жерден түйіліп қалыпты!

* * *

Біздің таза қазақ тұратын Қойтас ауылының бір жігіті келіншек алып келіп, ата-анасы мәре-сәре болып жатса керек. Алғашқы дырдулар саябырлаған соң үлкендер жас келінді ортаға алып, жөн-жосық сұрай бастапты. Бойжеткен Зырян өңірінің тумасы, соған орай орысша тәрбиеленген, қазақша  тілге де, салт-дәстүрге де дүмбілездеу жан болып шығады.

     – Иә, балам, сүйегің қай ел? – деп сұрайды атасы. Анау күйеуіне қарап:

     – Причем мои кости? – деп таңырқайды.

     – Руыңды сұрап тұр, руыңды, – дейді енесі қабаттасып. Келін біраз ойланып отырып, бір кезде:

     – А-а, поняла, я – водолей! – деп салған екен.

3

(Суретті салған Ғалым Смағұлұлы)

 

Хасен ЗАКАРИЯ

Шығыс Қазақстан облысы

 

Мүйісті жүргізетін Берік Садыр