Парламент • 01 Сәуір, 2020

Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықованың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды

544 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлшара Әбдіқалықованың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықованың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды

Жиында Парламент Мәжілісі аппаратының басшысы Серік Айдарбеков 28 наурызда Президент Жарлығымен Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалуына байланысты Орталық сайлау комиссиясынан түскен ұсынымды оқып берді.

«Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-ші бабына, Парламент және оның депутаттарының үлесі туралы 1995 жылғы 16 қазандағы ҚР Конституциясы заңының 24-бабы екінші, үшінші және сегізінші тармақтарына сәйкес Президенттің Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындау туралы 2020 жылғы 28 наурыздағы №295-ші Жарлығы негізінде Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», деді Серік Айдарбеков.

Бұдан соң жалпы отырысқа қатысқан депутаттар аталған ұсынысты бірауыздан қабылдады.

«Біздің әріптесіміз Гүлшара Наушақызы осыған дейін үлкен қызмет жолынан өтті. Көптеген лауызымды жұмыстарды абыроймен атқарды. Сондықтан әріптесіміз жаңа қызметте де қасиетті Қызылорда облысының дамуы үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз. Осы жерде ерекше айту керек, егемен еліміз тарихында алғаш рет әйел адам облыс әкімі болып тағайындалды. Бүгін белгілі себептермен Гүлшара Наушақызы жалпы отырысқа қатыса алмады. Оны өздеріңіз түсініп отырған боларсыздар. Қазіргі жағдайда облыс әкімі ретінде жұмысын бастап, өңірдің маңызды мәселелерін шешуге кірісіп кетті. Сондықтан осы өте жауапты жұмысында зор табыстар тілейміз», деді Нұрлан Нығматулин.