Қазақстан • 01 Сәуір, 2020

«Шұбаркөл көмір» АҚ  коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін кешенді шараларды қолға алды 

15 реткөрсетілді

ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ қызметін штаттық режимде жалғастырып жатыр. Бұл ретте қызметкерлердің қауіпсіздігі мен олардың денсаулығын сақтау – компанияның ең маңызды басымдығы, деп хабарлады осы ұйымның баспасөз қызметі.

Компания өндірістік алаңдары мен кеңселерінде вирустың таралуына жол бермеу үшін қажетті барлық шараларды қолға алған. Қызметкерлер арасында ауру сипаттарын жедел анықтау үшін тепловизор сатып алынды. Жанасуды қажет етпейтін термометрлер арқылы кәсіпорынның медициналық қызметі мамандары жұмысшылардың дене қызуын күнделікті өлшеп отыр. 

Инфекцияның таралуын мейілінше шектеу үшін компанияның мүмкіндігінше көптеген қызметкері қашықтан жұмыс істеуге көшірілген. 

Еңбек заңнамаларына сәйкес, әрі қызметкерлердің жазбаша келісімі бойынша төтенше жағдай кезінде вахталық әдіспен еңбек ететін қызметкерлерге вахтада 30 күндік жұмыс кестесі енгізілді.    

«Шұбаркөл көмір» АҚ-ның барлық қызметкерлері қажетті жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Антибактериялық ерітінділер де тұрақты сатып алынуда. Компания қызметкерлері арасынан тігіншілер командасы жасақталып, маска өндірісі жолға қойылды. Олар тігінге қажетті барлық шикізатпен толық қамдалды. 

Адамдар көп жиналатын орындар – өткізу қосындары, тамақтану орны, санитарлық топтарға санитайзерлер орнатылып, сатып алу қызметі оларды антисептикалық құралдармен тұрақты қамдап отыр. 

Бұдан бөлек, «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның химиялық зертханасы 200 литрден астам антисептик әзірлеген. Барлық өндіріс және кеңсе ғимараттары, бақылау өткізу қосындары, олардың маңындағы аумақ пен пайдаланылатын тау-кен техникасы мен жабдықтар,көліктер түгел тұрақты санитарлық тазартудан өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар