Қаржы • 01 Сәуір, 2020

Салық салмақ салмайды

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлер салықтық жүктемені азайтуға қа­тысты қосымша қолдауға мұқтаж екенін айтып, бұл бағытта да кешенді шаралар қолға алынатынын жеткізді. Экономист С.Жобаевтың айтуынша, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар жұмыс істесе де, істемесе де мемлекетке төлеуі тиіс салықтары бар. Мысалы, мүлік салығы, жұмысшыларға төленетін жеке адамдардың табыс салығы, қосымша құн салығы сынды 11 салық түрі міндеттелген. Осының барлығы төленуі тиіс.

Салық салмақ салмайды

̶ Кеше ғана Мемлекет басшысы әлеуметтік салықтан босату туралы шешімін жариялады. Бұл қадам жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлер үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ. Ал қалған салықтар жұмыс істелмеген уақыттарда төленбегенімен кейін төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл қадам карантин кезіндегі мемлекеттің экономиканы, халықтың әл-аухатын қолдауға бағытталған басымдықтар болып отыр, ̶ дейді ол.

Президенттің айтқан салықтарға қатысты шешімі дәл уақытында қабылданған қадам екенін М.Халық та атап өтті. Бұған дейін несие демалысына байланысты шаралар қабылданса, енді көмек ретінде салықтарға қатысты нақты шешім шығарылғанын, әсіресе, бұл қадам бизнес үшін аса тиімді болып отырғанын айтады сарапшы.

̶ Оның ішінде еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты жеңілдетіп, салықтан босату аса қажетті шешім екенін көріп отырмыз. Атап айтқанда әрбір азамат табысынан бөліп төлеп отырған 10 пайыздық жеке табыс салығы, әлеуметтік салық пен әлеуметтік төлемдер яғни медициналық сақтандыру қорына төленетін төлемдердің барлығынан мемлекет қазан айына дейін босатып отыр. Бұған қоса, 20 пайыздық корпоративті табыс салығы және 12 пайыздық қосылған құн салығынан да 3 ай көлемінде төлену міндеттелмейді. Бұл пайыздар түптеп келгенде айтарлықтай салмақ түсіретінін есептеп көруге болады. Бұл орша және шағын кісіпкерлер үшін жақсы көмек деп айтар едім, ̶ деді экономист.

Президенттің күні кеше жарияланған мәлімдемесінде экономиканың ең көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылатынын айтты. Бұл тізімге қоғамдық тамақтану, сауда, көлік қызметі, консультациялық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да салаларды кіреді. Елдегі тұтастай кіріс көзі тоқтаған бұл салалардың жағдайы расында мәз емес. Бір жағынан кәсіпкерлер зардап шексе, екінші жағынан жұмысшылар яғни, қарапайым халық жалақысынан қағылып отыр. Наурыз айының 23 мен 27 арасында яғни 5 күнде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша туризм саласында жұмыс істегендердің 80%-ы, өнер және ойын-сауық орталықтарының 76,8%-ы, қоғамдық тамақтану 72,5%-ы еңбекақысыз, жалақысыз демалысқа жіберілген. Осы ретте табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетіні туралы шешім қабылданып отыр. Ендігі Мемлекет өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай экономиканың негізгі тіреушісі – шағын және орта кәсіпкерлікті де қарапайым халықты да тығырықтан алып шығу жолын қарастыруда.