Коронавирус • 01 Сәуір, 2020

Қазақстан коронавируспен күресуге 23 млрд теңге жұмсады

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавируспен күреске қанша қаржы жұмсалғанын хабарлады.   

Қазақстан коронавируспен күресуге 23 млрд  теңге жұмсады

Министрдің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері коронавирусқа қарсы күрес үшін мемлекеттік резервтен ақша үш рет бөлінген.

- 29 қаңтардағы бірінші траншпен 1,6 млрд теңге бөлінді. 21 ақпанда коронавируспен күресуге қосымша 428,2 млн теңге бөлінді. Үкіметтің резервінен қаражат үшінші рет 25 наурызда бөлінді. Сомасы 21,4 млрд теңгені құрайды, - деді ол.

Министр бұл қаражаттың  дәрі-дәрмектерді, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен зертханалық құрал-жабдықтарды, маскалар, қолғаптар, қорғаныш костюмдер мен сынақ жүйелерін сатып алуға жұмсалғанын айтты.

Еске салсақ, 15 наурызда пандемияға байланысты Қазақстанда төтенше жағдай енгізілді. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанға карантин енгізілді. Қалаларға кіруге және шығуға шектеулер қойылды, санитарлық жағдай нығайтылды.

Сонымен қатар, Алматыда  айырбастау пункттерінің жұмысы уақытын шектеді.

Кейін Президент жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешім қабылдады. Ал 30 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда кәсіпорын мен ұйымдардың қызметі тоқтатылды.