Спорт • 01 Сәуір, 2020

Теннис: US Open турнирі өз уақытында өтеді

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясына байланысты бірқатар спорттық жарыстар кейінге шегеріліп жатқан уақытта теннистен «Үлкен дулыға» санатына енетін ең ірі додалардың бірі US Open өз уақытында өткізілмек.

Теннис: US Open турнирі өз уақытында өтеді

Бұл туралы АҚШ теннис федерациясының басшысы Дэнни Зауснер айтты. Оның пайымдауынша, теннистен АҚШ ашық чемпионатын коронавирус падемиясына байланысты кейінге шегеруге еш негіз жоқ.

– Біз күн сайын US Open жарысын өз уақытында бастау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жоспар бойынша турнирдің іріктеу жарыстары 24 тамызда басталады. Жаздың  соңына дейін спортшылар өз бабын сақтап, жарысқа қатысады деген ойдамын, дейді Дэнни Зауснер.

Теннистен АҚШ ашық чемпионаты жыл сайын дәстүрлі түрде жаздың соңы мен күздің басында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтеді. Биылғы біріншілік 31 тамыз бен 13 қыркүйек аралығына жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін коронавирус індетінің таралуына байланысты тағы бір «Үлкен дулыға» санатындағы Уимблдон турнирі биыл өтпейтін болды. Британиядағы жарыс 29 маусым мен 12 шілде аралығында өтуі керек еді.