Экономика • 02 Сәуір, 2020

Банктер қолұшын созуға дайын ба?

398 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу агенттігі шағын және орта бизнестің несиелерін өтеу мерзімін ұзарту, төлемді қайта қарастыру мәселелері бойынша банктермен, басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізуде. Осы мәселеге жеке тоқталып өткен жөн. Көптеген кәсіпкер төтенше жағдай кезінде несиенің пайыздық үстемеақысын есептемеу үшін банктерге тапсырма беруді сұрап отыр. Мұндай қадам банктерді шығынға ұшырататынын түсінуіміз керек. Олар да біздің экономикамыздың ажырамас бөлігі. Дегенмен, мен тағы да екінші деңгейлі банктерден азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұраймын. Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек берді. Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсетулеріңіз керек.

Президент Қ.Тоқаевтың мәлімдемесінен

Банктер қолұшын созуға дайын ба?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін шағын және орта бизнесті қолдауға арналған іс-шаралар кешені жарияланған болатын. Шағын және орта кәсіпкерлер үшін салық жеңілдіктері қарастырылып, азаматтарға несиені өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Президент әсіресе үнемі мемлекеттің қолдауына зәру екінші деңгейлі банктердің ендігі халыққа көмек қолын созар уақыты келгенін айтып, несиенің үстеме пайызын төмендету сынды шараларды қабылдауға кеңес берді. Бұл бастама отандық сарапшылар тарапынан қолдау табуда.

 Қаржы секторына сынақ

Мемлекет басшысы қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан қосымша нұсқаулық шаралар қолға алынатынын, жағдай одан әрі ушығатын болса, Үкімет пен қаржы саласының құзырлы органдары бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдайтынын баса атап өткен еді.

Экономика ғылымдарының кандида­ты Сапарбай Жобаев қазіргі әлемдік эко­номика тығырыққа тіреліп, теңге құн­сызданып, коронавирус салдарынан ка­рантин режімінде өндіріс орындары тоқ­тап, халық үйінде отыруға мәжбүр бол­ған қысылтаяң уақытта банктер өз клиент­теріне көмек қолын созуға тиіс еке­нін айтады. Оның пайымдауынша, бұл қадамға Ұлттық банк пен Үкімет мұрындық болып отыр.

̶ Несиелердің уақытын ұзарту, па­йыз­дық мөлшерлемені төмендету екінші дең­гейлі банктерге де оңайға түспейтіні анық. Күні кеше Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлерге банктер тара­пынан берілетін несиенің пайызын төмен­дету мәселесін де назарға алды. Бұл ретте біздегі Halyk Bank, «ЦентрКредит», Jýsan сияқты ірі банктер Президент айтқан несиелердің уақытын ұзартуға, пайы­зын төмендетуге еш қиындықсыз бара алады. Себебі олардың бір жылдық та­бысы өзгелермен салыстырғанда а­й­тар­лықтай жоғары. Бұл банктер тарапынан резервтен түскен қаражатқа орта кәсіп­кер­лікке берілетін несиенің пайызын төмен­детуіне толық мүмкіндік бар. Бірақ мұн­дай «жомарттықты» барлық банктер бір­дей жасай алмайды. Себебі бұл банк­тер коммерциялық ұйым болғандықтан жұмысшыларына төленетін жалақысы бар, оған қоса, банк өзінің айналма капиталын сақтауға мүдделі, – дейді экономист. Сонымен қатар банк саласындағы ахуал­­дың күрделенуіне Ұлттық банктің қай­та қаржыландыру мөлшерлемесін 12 па­йызға көтергені тікелей ықпал етіп отыр. Бұл дегеніміз кәсіпорындар мен ха­­лықтың 17 трлн теңге депозиттегі ақ­ша­­сына банктердің пайызы көтерілді деген сөз. Бұл сонымен қатар, банктердің де қаражаты артқанын білдіреді. С.Жобаев­тың айтуынша, депозиттерге бері­ле­тін үс­те­ме пайыз артқандықтан несие­нің де мөл­шерлемесі 14-15 пайыздан 17-18 па­йызға дейін жоғарылауы заң­ды­лық. Өйткені банктер, шыққан шығын ақша­ла­рын несие пайызы арқылы жабуды көз­дейді.

Ал берілген несиелерді үстеме пайызсыз қайтаратындай жағдай жасау мүлде мүмкін емес. Себебін экономист былай түсіндіреді:

̶ Банк тарапынан 1 млн теңге несие бері­ліп, оны белгілі бір уақыт ішін­де үстеме пайызсыз қайтаратын болса, атал­ған мерзім аралығындағы инфля­ция­лық жоғалтуға алып келеді. Бірақ мем­лекеттік бюджеттен қаржы­лан­ды­рыл­ған ипотекалық банктер мен қорларда бе­рілген несиелердің пайызын 3-4 айға есеп­темеуге мүмкіндіктері бар, оған әл­еует­і жетеді, – дейді С.Жобаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктердің қазіргі жағ­дай­ға түсі­ністік танытуын қадап айт­қа­нымен, нарық заңы бойынша бұл банк­тер­ге қандай да бір нақты бұйрық беру мүм­кін емес. GSB UIB бизнесті талдау орта­лығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың сөзінше, ендігі «жүк­тің ауыр бөлігі» банктердің өздеріне түсейін деп тұр.

– Әлемде орын алған 2007-2009 жыл­дар­дағы қаржы дағдарысынан кейін жаһан­дағы ірі банктердің өзі дағдарыстан то­лықтай сауығып кетті деп айтуға кел­мей­ді. Сол кезеңде Ұлттық қордан 4 млрд доллар құрдымға кеткелі тұрған екінші деңгейлі банктерді құтқаруға берілген болатын. Мемлекет бірнеше банктің акция­ларын сатып алып, ол банктер тіптен мемлекеттің меншігіне өтіп кеткен еді. Кейін «құтқарылған» банктердің бар­лығы банкрот болды. Қазір «кезінде сон­шама қаражатты осы банктер үшін жұм­сау қаншалықты қажет болды?» деген белі бүкір сұрақ туындайды. Өйткені Ұлтық қордың құтқару үшін бөлінген қара­жатынан кейін көп ұзамай 1-2 жылда банктер банкротқа ұшырады. Ақыры құр­дымға кететіні бар, неге бірден сол кезде банкрот болуына көндікпедік деп өкінеміз. Қаншама қаражат далаға кеткенін кейін түсініп отырмыз, – дейді сарапшы. Осы ретте, қазіргі қысылтаяң шақта банктер қаншалықты халыққа көмектесуге дайын деген сұрақ туындайды. М.Халықтың айтуынша, банк­тер белгілі бір дәрежеде несие бо­йынша төлемдерді шегеруге мүдделі екендерін жақсы түсініп отыр. Ескеретіні, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, соған сай депозиттердің де пайызы көтерілді. Бұл депозиттердің иесі – банктердің салымшылары екені түсінікті. Енді олар салымшылар алдын­да­ғы міндеттерін орындай ала ма? Депозиттердің ең төменгісі 12 пайыздан бас­талады. Мұндай талаптарды орындау банктер үшін қиындық туғызбай ма? Ертең банктер салымшылар алдындағы міндеттерін орындай алмайтынын айтып, мемлекеттен көмек сұрайтындай халге жетпей ме? GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы қазіргі қаржылық келеңсіздіктерге байланысты мұндай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін екенін ескертеді.

 Салық салмақ салмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлер салықтық жүктемені азайтуға қатысты қосымша қолдауға мұқтаж екенін айтып, бұл бағытта да кешенді шаралар қолға алынатынын жеткізді. Экономист С.Жобаевтың айтуынша, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар жұмыс істесе де, істемесе де мемлекетке төлеуі тиіс салықтары бар. Мысалы, мүлік салығы, жұмысшыларға төленетін жеке адамдардың табыс салығы, қосымша құн салығы сынды 11 салық түрі міндеттелген. Осының барлығы төленуі тиіс.

– Кеше ғана Мемлекет басшысы әлеу­мет­тік салықтан босату туралы шеші­мін жариялады. Бұл қадам жұмыс істеп тұр­ған шағын және орта кәсіпкерлер үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ. Ал қал­ған салықтарға жұмыс істелмеген уа­қытта төленбегенімен кейін төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл қадам карантин кезіндегі мемлекеттің экономиканы, халықтың әл-ауқатын қолдауға бағытталған басымдықтар болып отыр, – дейді ол.

Президенттің салыққа қатысты шеші­мі дәл уақытында қабылданған қадам екенін М.Халық та атап өтті. Бұған дейін несие демалысына байланысты шаралар қабылданса, енді көмек ретінде салыққа қатысты нақты шешім шығарылғанын, әсіресе, бұл қадам бизнес үшін аса тиімді болып отырғанын айтады сарапшы.

– Соның ішінде еңбекақы қорына тү­се­тін ауыртпалықты жеңілдетіп, салық­тан бо­сату аса қажет шешім екенін кө­ріп отыр­мыз. Атап айтқанда, әрбір азамат табы­сынан бөліп төлеп отырған 10 па­йыздық жеке табыс салығы, әлеуметтік салық пен әлеуметтік төлемдер, яғни ме­ди­циналық сақтандыру қорына төленетін төлем­дердің барлығынан мемлекет қазан айына дейін босатып отыр. Бұған қоса, ­­­­­
20 пайыздық корпоративті табыс салығы және 12 пайыздық қосылған құн са­лығынан да 3 ай көлемінде төлеу міндет­тел­мейді. Бұл па­йыздар түптеп келгенде ай­тар­лықтай салмақ түсіретінін есептеп кө­руге болады. Бұл орта және шағын кә­сіп­­керлер үшін жақсы көмек деп айтар едім, – деді экономист.

Президенттің күні кеше жарияланған мәлімдемесінде экономиканың ең көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылатынын айтты. Бұл тізімге қоғамдық тамақтану, сауда, көлік қызметі, консультациялық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да салалар кіреді. Елдегі тұтастай кіріс көзі тоқтаған бұл салалардың жағдайы расында мәз емес. Бір жағынан кәсіпкерлер зардап шексе, екінші жағынан жұмысшылар, яғни қарапайым халық жалақысынан қағылып отыр. Наурыз айының 23-і мен 27-сі арасында яғни 5 күнде жүргізілген сауалдама нәтижесі бойынша, туризм са­ла­­сында жұмыс істегендердің 80%-ы, өнер және ойын-сауық орталықтарының 76,8%-ы, қоғамдық тамақтану 72,5%-ы ең­бек­­ақысыз, жалақысыз дема­лыс­қа жі­­бе­рілген. Осы ретте табысынан айы­рыл­ған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетіні туралы шешім қабылданып отыр. Ендігі мемлекет өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай экономиканың маңызды секторы – шағын және орта кәсіпкерлікті де, қара­па­йым халықты да тығырықтан алып шығу жолын қарастыруда.