Білім • 02 Сәуір, 2020

Маңғыстау: Қашықтан оқытудың қиындығы неде?

1387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұдан бұрын мектептерде қашықтықтан оқыту үшін техникалық дайындық болмаған, интернет платформаларда дайын емес, ұстаздардың үй жағдайында оқытуға дайындығы жоқ, сондай-ақ интернет мәселесі тағы бар.

Маңғыстау: Қашықтан оқытудың қиындығы неде?

Туындаған жағдайға байланысты қазір өңірде интернет жылдамдығын арттыру немесе интернет жоқ елді мекендерге интернет жүргізу үшін интернет провайдерлермен келіссөздер жүргізілуде. Жуырда осы мақсатта облыс әкімі жанында жиналыс өткізіліп, оларға нақты тапсырмалар берілді. Нәтижесінде қашықтықтан оқыту үшін енгізілген электронды білім беру платформаларын пайдалану кезінде интернет трафик ақысыз, тегін жүзеге асырылады.

Сонымен қатар интернет жоқ елді мекендерге интернет тарту жұмыстары жеделдетілді. Екінші қиындық - Материалдық-техникалық қамтамасыз ету. Бұдан басқа, қашықтықтан оқыту үшін оқушылар мен мұғалімдерге техникалық құрылғылардың (компьютер, ноутбук, планшет, ұялы телефон) жеткіліксіздігі мәселелері бар. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 6706 оқушыға немесе жалпы оқушы санының 5% -на электрондық құрылғылар жетіспейді. Бүгінгі таңда, 1096 мұғалімге, 548 оқушыға мектеп компьютерлері уақытша пайдалануға берілді. Бұл жұмыс 6 сәуірге дейін жалғасады. Мәселені шешу үшін мектептер өз баланстарындағы құрылғыларды уақытша пайдалануға берді. Бұдан басқа, 31 наурыздан бастап «Біз қашықтықтан оқытуда қолдау көрсетеміз» тақырыбында акция бастадық. Акция аясында жеке кәсіпкерлер, меценаттар, түрлі қорлар балаларға электронды құрылғыларды сыйға тартады.

Акция жарияланған бірінші күні Ақтау қаласында 2 балаға смартфон, 2 балаға теледидар, Жаңаөзен қаласында 3 балаға (2 планшет, 1 роутер), Қарақия ауданында 3 балаға смартфон, 10 балаға интернет-тариф, Мұнайлы ауданында 4 балаға 3 планшет, 1 смартфон, Түпқараған ауданында 3 балаға смартфон, 1 оқушыға теледидар сыйға тартылды. Барлығы 18 бала. Аудандық, қалалық білім бөлімдері жанынан CALL орталықтары құрылды. Себебі, облыс көлемінде 140 мыңға жуық оқушы, 20 мыңға жуық колледж студенттері мен 15 мыңға жуық педагогтарда қашықтықтан оқыту барысында көптеген сұрақтар туындауда.

Сондай-ақ Қарақия ауданы, Аққұдық орталау мектебінің оқушылары штаттық режимде мектепте оқыту мүмкіндіктері қаралуда. Себебі ол мектептерде оқушы саны аз. Үшінші мәселе - оқыту сапасы мен мазмұны. Бұл бойынша 31 наурызда Білім және ғылым министрінің «Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында, COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» №121 бұйрығы шықты. Бұйрықта балабақшалар, мектептер, қосымша білім беру, арнайы білім беру, колледждерде қашықтықтан оқытудың әдістемелік ұсынымдар берілген.

Бұйрыққа сәйкес министрлік осы жұмыстарды 4 бағытта ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Оның біріншісі, «EL ARNA», «balapan» телеарналары арқылы қазақ және орыс тілдерінде трансляциялар жіберу. Бұл сабақтар күніне 8 сағатты қатитын түсілімдерден тұрады, жалпы төртінші тоқсанға 3300 сағаттық түсірілімдер әзірленеді. Екінші бағыт бұл «Қазақ радиосы» арнасы арқылы кесте бойынша сабақтар жүргізу.Үшінші, шалғай елді мекендерде оқу материалдарының сілтемелері білім алушының мекенжайына жақын орналасқан «Қазпошта» бөліміне жолданады. Ал төртінші бағыт және негізгі бағыт бұл арнайы әзірленген интернет платформалар. Бұл мақсатта қазіргі кезде цифрлық ресурстарда сабақтар әзірленді. Енді ұстаздардың осы платформалармен жұмыс жасауы маңызды. Дайындық жұмыстарын сынап көру үшін 1 сәуірден сынама сабақтар басталады. Мұғалімдер өздерінің сабақтарын қалай қосылатынын тексеретін болады.

2 сәуірде электрондық платформаларда ата-аналар жиналыстары болады. Ол жерде ата-аналарға балалармен жұмысты қалай ұйымдастыру мен қалай сабақтарға қосылу керектігі түсіндіріледі. 3 сәуір күні сынып сағаттары жүргізіледі, бұл жерде де қашықтықтан сабақ оқудың ерекшеліктері түсіндіріледі. 6 сәуірге толық дайын болу үшін білім беру саласында көрсетілген бағытта жұмыстар атқарылуда.