Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Маңғыстау облысы карантинге жабылады

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирус инфекциясының (COVID-19) таралуына жол бермей, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Е.Сыдымановтың қаулысы бойынша, Маңғыстау облысының аумағында 2020 жылдың 3 сәуірі 00:00 сағатынан бастап  2020 жылдың 15 сәуірі 07:00 сағатына дейін карантин режимі және шектеу шаралары енгізіледі. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Коммуникация орталығы хабарлады.

Маңғыстау облысы карантинге жабылады

Тәртіпте 2020 жылдың 3 сәуірі күні сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 15 сәуірі күні сағат 07:00-ге дейін халықтың өмір белсенділігін қамтамасыз етуші автокөліктерді қоспағанда, азаматтардың Маңғыстау облысының аумағына кіру мен шығуына тыйым салынады.

Халықтың өмір белсенділігін қамтамасыз етуші автокөліктерді (азық-түлік, дәрі-дәрмектерді тасымалдайтын жүк және жеңіл машиналар, сонымен қоса төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін арнайы және қызметтік көліктер) қоспағанда, облыс тұрғындарына қалалар мен аудандар арасына қатынауға тыйым салынады. Сондай-ақ қоғамдық көліктерге тек орындықтар саны бойынша ғана жолаушылар кіргізіледі және облыс тұрғындарының өмір белсенділігін қамтамасыз етуші медициналық, полиция, авариялық-құтқару және өзге де коммуналдық шұғыл қызметтердің (жылу, газбен қамту, су және энергиямен жабдықтау) әрекеттері шектелмейді.

Ресми және ресми емес (тіркелмеген) жеке тасымалдаушыларға (автобустар, газельдер, такси) облыстар, аудандар арасында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады және барлық автовокзалдар мен автобекеттердің қызметтері, теңіз айлақтарында азық-түлік, дәрі-дәрмектерді тасымалдаудан өзгелері, жолаушылар тасымалдау тоқтатылады.

Тұрғын үйлерден шығуға азық-түлік, дәрі-дәрмектерді, бірінші кезекте қажетті және медициналық бұйымдарды сатып алу, жұмысқа бару,  медициналық көмекке жүгіну, күндізгі уақытта тұратын жерінен 200 метрден аспайтын аралықта ұзақтығы 30 минут болатын, өзге адамдармен арада 1 метрден кем болмайтын қашықтықты сақтай отырып балалармен серуендеуге және  күндізгі уақытта үй жануарларын ұзақтығы 30 минут болатын уақытқа шығаруға болады. Сонымен қатар жасы 65-тен асқан тұрғындар ерекше қажеттілік болмаған жағдайда өз пәтерлері мен үйлерінен көшеге шықпауы тиіс. Барлық тұрғындар өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары: жеке куәлігі, жүргізуші куәлігі, төлқұжаты, тұруға рұқсат беретін ықтиярхаты болуы тиіс. 

Азық-түлік сатылмайтын сауда орталықтарының, бөлек тұрған азық-түлік сатылмайтын дүкендердің, автосалондардың, автобөлшектер сататын салондардың, гүл павильондарының, химиялық тазалау, кір жуу, фотоательелердің, фотосалондардың, оптикалардың, ломбардтардың, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің, автожуу, техникалық қызмет көрсету бекеттерінің, сауналардың, моншалардың, фитнес-клубтардың, караоке, тату – салондардың, аудио, видео жазатын студиялардың, ұялы байланыс бөлімдерінің, театрлардың, кинотеатрлардың, тренажёр залдарының, спорттық кешендердің, бассейндердің, сұлулық салондарының, спа-орталықтарының, тырнақ студияларының, барбершоптардың, шаштараз кабинеттерінің, компьютерлік клубтардың, жайлардағы балалар ойын алаңдарының, байланысқа түсерлік зообақтардың, мұз айдындарының, көрмелердің, балаларды дамыту орталықтарының және өзге де осы сияқты қызмет көрсету нысандарының қызметі тоқтатылады. Мейрамхана, дәмхана, барлардың, асханалардың және өзге қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына тек «тұтынушыларға дейін жеткізу» принципі бойынша сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.