Биылғы көктемде Қостанай облысындағы бидай тұқымына мұқтаж шаруашылықтар үшін «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 17 млрд теңге қарастырылып отыр. Бүгінге дейін 121 шаруашылыққа 10,6 млрд теңге бөлініп, жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге 104 өтінім мақұлданған.
Ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған тиімді тетіктің бірі – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы. Қостанай облысында бүгінгі таңда бұл бағдарлама бойынша 12 млрд теңге сомасына 39 жоба мақұлданған. Алдағы күндері қарауда жатқан 12 жобаға тағы 4,5 млрд теңге берілмек.
Облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Президент тапсырған қосымша несие қаражатын бөлуді жүзеге асыру тетігі «Аграрлық несие корпорациясының» облыстағы филиалымен бірлесіп пысықталатынын атап өтті.
- Таяу күндері ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілетін несие көлемі кеңейтілуі тиіс. Бұл туралы біз бірден ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының басшыларын хабардар етеміз, – деді облыс әкімі.
Шағын және орта шаруашылықтарды бірінші кезекте қолдау керектігін баса айтқан аймақ басшысы: - Қала және аудан әкімдерінің, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының назарын шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдау қажеттігіне аударамын. Біздің облыста мұндай 6 700 шаруашылық бар, – деді.
Биыл облыстағы көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге 71 мың тонна жанармай бөлінген. Диқандар үшін белгіленген баға литріне 177 теңгеден аспайды.
Жиын соңында аймақ басшысы мемлекеттік қолдаудың өңірдегі әр шаруашылыққа жетуі аса маңызды екенін ескертті. Мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру барысы арнайы тексеру комиссиясы мен прокуратураның қырағы қадағалауында болады.
Қостанай облысы