Білім • 02 Сәуір, 2020

Маңғыстау: Педагогтардың білімін қашықтан арттыру жұмыстары жолға қойылуда

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес 16 наурыздан бастап облыста педагогтардың біліктілігін арттыру курстарының барлық түрлері тоқтатылып, қашықтықтан білім беруге көшірілді.

Маңғыстау: Педагогтардың білімін қашықтан арттыру жұмыстары жолға қойылуда

Содан бері «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бұл бағытта жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізіп, қажетті ақпараттық-технологиялық мүмкіндікті пайдаланып, жоспарланған БА курстарының контенттерін жедел түрде онлайн форматқа ауыстыруда. 30 наурыздан бастап  кейбір мемлекеттік курстар онлайн форматта оқыту басталды.

Оқыту шаралары Google платформасы және YouTube каналы,  Google Docs сервисі арқылы жүзеге асады. Осында курс бойынша видеодәрістер, презентациялар, басқа да бейне материалдар, қосымша сандық ресурстар (ЦОР), қосымша ресурстарға сілтемелер, тренердің тапсырмалары, бақылау тесттері, білім алушы педагогтердің орындаған өзіндік жұмыс тапсырмалары орналастырылады, осылайша кері байланыс жасалады. Сондай-ақ тренерлеріміз облыс педагогтеріне, әсіресе шалғай ауылдарда тұратындарға, онлайн режимде (ZOOM стриминг платформа, Skype, WhatsApp және Telegram чаты арқылы) вебинарлар, видеокучингтер ұйымдастыру арқылы әдістемелік көмектер беру, курстан кейінгі сүйемелдеуді жалғастыруда.

Соңғы кездегі  педагогтармен өзара байланыс жасаудың тағы бір бағыты - мектеп педагогтеріне виртуалды кеңес өткіздіріп, төртінші тоқсандағы пәндер бойынша бейне-сабақтарды дайындау реті жайлы әдістемелік ұсынымдар беру және ұсынылған үздік жұмыстар арасында Республикалық конкурс ұйымдастырылады. Бұл конкурс қашықтық форматта сабақтарды ұйымдастыру мақсатында ҚР БжҒ Министрлігінің тапсырмасы бойынша өткізіледі, маңыздысы, еліміздің виртуалдық білім беру кеңістігінде білім берудің үздік бейне-сабақтар қорын құру үшін.