Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Шағынаудан мен ауылда карантин жарияланды

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыздың соңына дейін барлық сақтық шаралары қатаң сақталып, індеттен аман келген Түркістан облысын коронавирус айналып өтпеді. Айдың соңында Жетісай ауданы тұрғынының індет жұқтырғаны жария етілді. Ал сәуірдің алғашқы күні аталмыш ауданнан тағы 4 адамнан ауру анықталды.

Шағынаудан мен ауылда карантин жарияланды

Індетті Жетісайға «жеткізген» азаматша 21 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодар-Қызылорда бағытындағы поезбен шығып, Қарағанды қаласына тоқтаған. Алты сағат вокзалда отырған ол, ары қарай Петропавл-Қызылорда бағытындағы поезбен Шымкент қаласына келген. Сөйтіп жеке көлікпен Жетісай қаласына жеткен. Наурыздың 27-інен қызуы көтеріліп ауырған ол ауруханаға 30-ына қаралған. Алғашқыда науқаспен қарым-қатынаста болған 16 адам анықталған-ды. Кейін бұл сан өсе түскен. Науқаспен байланыста болған адамдарды тексеру барысында, отбасының 3 мүшесінің сараптамасы оң нәтиже берді. Ал COVID-19 сараптамасы оң қорытынды берген бесінші жағдай Алматы қаласына іссапармен барып келген азаматтан анықталды. Түркістан облысы  Тауарлар мен көрсетілетін  қызметтердің сапасы  мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов қазіргі таңда  науқастар толық дәрігерлердің бақылауына алынғанын, жағдайлары қанағаттанарлық дәрежеде екенін хабарлады. Қарым-қатынаста болған барлық адамға стационарлық оқшаулау шаралары жүргізілген. Тиісті хаттамаға сәйкес, емдік шаралар жасалынуда.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде орын алған жағдайға байланысты тұрғындарға үндеу жолдады. Эпидемиолог мамандар тарапынан тіркелген ауру ошақтарында залалсыздандыру, байланыста болғандарды табу және оқшаулау бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылған. Инфекция табылған Жетісай ауданындағы Әбдіхалық ауылы мен аудан орталығындағы шағынауданда карантин жарияланды.  Облыс әкімі халыққа үндеуінде Жетісай ауданына дезинфекция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласынан арнайы мамандардан құрылған мобильді топ жіберілгенін мәлім етті. Қосымша көмек ретінде медициналық жабдықтар мен  көліктер дайындалған. Облыстың өзге аудандарынан инфекционист және реанимотологтардан құралған 6 бригада Жетісайға аттанған.  Облыстың бас инфекционист дәрігері ауданда осы шараларға басшылық етеді. Сондай-ақ облыс әкімі аудан әкіміне және тиісті органдарға елді мекендер шекарасына блок-бекеттер қоюды тапсырғанын мәлімдеді. Төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар заң аясында жауапқа тартылатынын ескертті. «Ауданда инфекция ошағы мен қоғамдық орындарда  ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Бұл өңірде індеттің таралу қарқыны өте жоғары. Осы ретте облыс тұрғындарын төтенше жағдайға байланысты қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, тиісті тәртіптік шараларды сақтауға, дәрігерлердің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындауға шақырамын», деді облыс әкімі үндеуінде. Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев тұрғындарды әлеуметтік желілерді шарлаған әртүрлі ақпараттарға сенбей, мемлекеттік органдар таратқан ресми мәліметтерге ғана мән беруге шақырды. Бүгінде инфекция  ошағында тиісті департамент, басқарма мамандарымен  және облыстық инфекционист дәрігермен эпидемиологиялық зерделеу жұмыстары және індетке қарсы шаралар кешені жүргізілуде.

Айта кетелік, облыста Covid-19 коронавирустық инфекциядан  қолайсыз елдерден келген  495 адам мониторингтік бақылауға алынған. Оның 9-ы 1 «а» санатындағы, ал 486 адам 1 «б» санатындағы елдерден келген.

 

Түркістан облысы