Қазақстан • 02 Сәуір, 2020

Көктемгі егіске көп қалған жоқ

174 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемгі егіске дайындық науқанына еліміздің астықты өңірі – Солтүстік Қазақстан облысы да кірісіп кетті. Биыл біздің облыс 4 млн гектар жерге астық, 250 мың гектарға майлы дақылдар екпекші.

Көктемгі егіске көп қалған жоқ

Облыс диқандары жылдан жылға тыңайтқыш қолдануды да арттырып отыр. Жер жарықтықтың құнары жылдан жылға азайып барады, тек тыңайтқыш қана оның нәрін арттырады. Сондықтан диқанның тыңайтқыш алуға деген сұранысы өсе түсуде. Мемлекет шаруаның талабын қолдап отыр, биыл бұл жұмысқа 5,5 млрд. теңге субсидия қарастырылған. Былтырғыменсалыстырғанда бұл 1 млрд. теңгеге артық. Субсидия түрлі зиянкестерді құртуға да беріледі. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов 2022 жылдан бастап пестицид пен гербицидке берілетін субсидия 11 млрд теңгеге дейін артатынын жеткізді. «Біздің ұсынысымызды Мемлекет Басшысы қолдап, субсидия көлемін арттыруға қол жеткізіп отырмыз. Тек енді соны тиімді пайдалану біздің міндет. Барынша тиімді, сапалы химикаттар табуымыз керек. Арзан деп ұсынылған кейбіреулерінің пайдасы жоқ, ол тек ақшаны желге шашу. Бұл іс бойынша Ауылшаруашылығы министрлігімен де келісу керек», деді әкім жуырда болған облыс әкімдігінің отырысында.

Диханның зәру мәселелерінің бірі – озық техникаға қол жеткізу. Қазіргі техникалардың көбі ескірген. Жақын шетелдерден келетін техника сапасыз, жиі ауыстыруға тура келеді. Сондықтан кіріс-шығысын есептеуге маманданып алған дихандар мемлекеттің күшімен барынша сапалы, бірнеше жыл бойы тиімді жұмыс істей алатын алыс шетелдердің озық технологиялы техникаларын алуға құштар.

Биыл облыс 2 мың дана жаңа техникалар сатып алмақшы. Оған мемлекеттік бюджеттен 40 млрд. теңге қарастырылып отыр. Осы қаражат тиімділікпен жұмсалса дихан қауымы биыл машина-трактор паркын біршама жаңартып алмақшы.

Ал әзірге, биылғы көктемгі дала жұмыстарына барлығы 13,7 мың трактор, 16 мың сеялка, сондай-ақ жоғары сапалы, дамыған шетелдерден алынған 1,2 мың себу кешендері дайындық сапында тұр. Соның ішінде, биылғы жылдың басынан 5,3 млрд. теңгеге сатып алынған жаңа техникалар да бар.  Әкімдіктің отырысында Қ.Ақсақалов: «Біз былтыр 1897 дана жаңа техника сатып алып, машина-техника паркын 3 пайызға жаңартқан болатынбыз. Осы көрсеткішті жыл сайын 6 пайызға жеткізуіміз керек», деді.

Сонымен бірге қосалқы бөлшектер жеткізуді тиімді ұйымдастыра білген жөн. Қазір ең қажетті деген бөлшектердің тізілімдері жасалып, сауда орындарына жеткізілген. Бөлшек-сауда дүкендері шаруа қала көшелерінде қаңғалақтап жүрмес үшін, тек шаһардың кіреберістерге қоныстандырылған.Олар шектеу шараларына қарамай, үзіліссіз жұмыс істейтін болады.

Дегенмен аудан әкімдері бұл іске жіті қарап, шаруаның қажеттіліктерін біліп отырғаны абзал. Облыстық әкімдіктің отырысында Құмар Ақсақалов осыны да атап ескертті.

Биылғы көктем ерте шықты. Қазірдің өзінде қар 3 еседен артық азайған. Сәуір басталғалы күн тез жылып кетті, қазіргі сәтте Петрпавлдың жылылығы 10 градустан асып тұр. Алайда тасқын болу қаупі әлі де азайған жоқ. Аталмыш отырыста осы мәселе де қаралып, қарғынға қарсы әрекеттер азайтылмауы қажеттілігі атап көрсетілді.

Көктемгі егіс жұмыстары Солтүстікте мамырдың ортасына қарай басталады. Бірақ күн тез жылып, топырақ тұқымды өндіруге мүмкіндік алса, оның ерте басталуы да мүмкін. Өйткені, топырақтың ылғалынан айрылып, қатты құрғап кетпеуін де дихан қатты қадағалап отырады.

Солтүстік Қазақстан облысы