Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

ТЖ режімін ойыншық көретіндер көп

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік қазақстандық полицейлер ТЖ режімін бұзған алғашқы адамды анықтады. Жеке кәсіппен айналысатын ол Польшадан ұшып келген екен. Жасы 36-да. Нұр Сұлтан қаласындағы әуежайда ол үйінен 14 күн бойы шықпауға қолхат береді. Өйткені, бойында вирус болса осы күндері белгі береді. Ал ондай болса маңындағы адамдардың бәріне жұқтырады, сондықтан үй карантинінде болуы керек.

ТЖ режімін ойыншық көретіндер көп

Кәсіпкер шыдамсыз адам болса керек, таралып жатқан індеттің қауіптілігін елемей, қол қойған қолхатын да аяққа басып, ауылына келісімен өзінің сауда нүктесіне барған.

Ауылдық жердегінің бәрі айнадай көрініп тұрады емес пе, оның әрекетін жергілікті полиция инспекторы біліп қалып, телефон арқылы ескерту жасап, үйде отыруын талап етеді. Алайда кәсіпкер салып ұрып, Тайынша аудандық көпсалалы ауруханасына барып, өзінің бойында ешқандай вирус жоқ екені туралы анықтама беруді талап етеді. Солтүстік Қазақстанда аудандық аурухана түгілі облыстық аурухана да оны анықтай алмай, материалын Алматыға жібереді. Ана жолы Омбыдан келген, бойында вирус бар деген әйелдің деректерін сөйтті.

Егер кәсіпкердің бойында жаман індет болса, ауыл мен аудан орталығында сабылып жүрген ол талай адамға таратты. Мұның қасіреті де сол, бір адамнан екінші адамға сатылап беріле береді. Соны түсінбей, ТЖ талабына немқұрайлықпен қараған азаматты енді 10 АЕК көлеміндегі айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алу көзделген. Қазірдің өзінде оның ісіне хаттама толтырылып, сотқа жөнелту шаралары қарастырылуда.

Айта кететін жайт, облыс полицейлері ТЖ тәртібін бұзғандығы үшін осымен 39 хаттама толтырып отыр. Бұған дейінгілердің бәрі сауда және ойын-сауық нүктелеріне қатысты болған.


Солтүстік Қазақстан облысы