Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, келісім қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ консулдық лауазымды адамдар мен қызметкерлерді, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін қорғауды күшейту мақсатында әзірленген. Қазіргі уақытта АҚШ аумағында Қазақстанның екі Бас консулдығы Нью-Йорк және Сан-Францискода жұмыс істеп келеді. Екіншісі өткен жылдың басында ашылған болатын. АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы өз кезегінде Орталық Азиядағы АҚШ-қа арналған бірден-бір өңірлік хаб қызметін атқаруда.
Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед келісімді ратификациялау консулдық мекемелерге, консулдық лауазымды адамдарға, консулдық қызметшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген көлемде дипломатиялық өкілдіктерге, дипломатия агенттеріне, әкімшілік және техникалық персоналға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне тиісті артықшылықтар мен иммунитеттер беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мысалы, келісімді ратификациялай отырып, бұрын көзделмеген, дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында айтылғаннан басқа жағдайларда Тараптардың консулдық адамдары дипломатиялық агенттермен тең дәрежеде қылмыстық юрисдикциядан иммунитетті, сондай-ақ азаматтық және әкімшілік юрисдикциядан иммунитетті пайдалана алады.
Сенаторлар талқылауды қорытындылай келіп, заң жобасы қабылданғанда азаматтардың мүдделерін білдіру мен қорғаудың тиімділігі арта түсетінін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы өзара ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастарды нығаятынын атап өтті. Құжат Палатаның қарауына жіберілді.