Қоғам • 02 Сәуір, 2020

«ҚазМұнайГаздың» бір мұнайшысынан коронавирус анықталды

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ  төтенше жағдай режимін назарға алып және өз қызметкерлері мен барлық мүдделі тараптары алдындағы жауапкершілігін түсіне отырып, сондай-ақ ашықтық пен айқындылық қағидаттарын ұстанып, ҚМГ компаниялары тобындағы коронавирусқа байланысты жағдай туралы хабарлайды.

«ҚазМұнайГаздың» бір мұнайшысынан коронавирус анықталды

Компания алдын алу іс-шаралар кешенін жүйелі түрде іске асыруда. Жағдайды тұрақты қадағалайтын жедел штаб құрылды және ҚМГ тобының қызметкерлерін қорғау үшін шұғыл шаралар қабылданды. Еншілес ұйымдарда қатаң алдын алу шаралары қолға алынды. Соның ішінде жоғары тәуекел санатына жатқызылған қызметкерлерді үйден жұмыс істеуге ауыстыру, қашықтықтағы жұмыс тәртібін енгізу, өндіріс пен жобалардағы қызметкерлердің бір бөлігін демобилизациялау.

Сонымен бірге, 2020 жылғы 2 сәуірде Атырау қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздік сапасын бақылау басқармасы жасаған сараптама қорытындысы бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қызметкерінің коронавирустық инфекцияны (COVID-19) жұқтырғаны расталды.

Бұл қызметкер 2020 жылғы 28 наурызда жұмыстан тыс кешкі уақытта басқа науқас адаммен байланыста болу салдарынан инфекцияны жұқтыру ықтималдығы туралы хабарлады. Біздің әріптесіміз қолданыстағы ережелерді басшылыққа ала отырып, 2020 жылғы 29 наурызда өзі оқшауланды. 2020 жылғы 1 сәуірде байланыста болған адам коронавирустық инфекцияға шалдыққаны расталғаннан соң АМӨЗ қызметкерінен сараптама алынды. Оның нәтижелері бүгін белгілі болды.

ҚМГ Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкері өз әріптестерімен байланыста болмағанын ерекше атап көрсетеді. Ол соңғы рет жұмыс орнында 2020 жылғы 28 наурызда болды. Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы бекітілген рәсімдерге сәйкес онымен байланыста болуы мүмкін адамдарды тексеріп жатыр, мемлекеттік уәкілетті органдармен өзара тығыз жұмыс жасауда, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметімен бірлесіп санитарлық-эпидемиологиялық шараларға кірісті.

Қазіргі уақытта АМӨЗ қалыпты режимде жұмыс жасап тұр, мұнай өнімдерін өндіру мен жөнелту бекітілген өндірістік жоспарға сай жүзеге асырылуда. Ұлттық компанияның басты құндылығы мен басымдығы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығы, сондай-ақ қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мен үздіксіз өндірістік процесті қамтамасыз ету болып табылатынын атап көрсетеміз.