Қарсы тұру тәсілдері
Бұрын-соңды болмаған жағдаймен бетпе-бет келген Қазақстан да жаһан елдерінен қалыспай шұғыл əрекеттерді қолға алды. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдай мен мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шаралары дер кезінде қабылданды. Мемлекет басшысы осының алдында да дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жариялаған еді. Десе де ахуалдың күрт өзгергені ескеріліп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде бірқатар шешім қабылданды. Нақты айтқанда, инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индексациялау тапсырылды. Осыған орай азаматтардың табысын арттыру үшін 200 млрд теңгеден аса қаражат бөлу қарастырылып отыр.
Екіншіден, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетіледі. Бұл көмекті алатын азаматтардың санаты да кеңейтілмек. 42 мың теңге көлеміндегі қаражат тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандармен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарға да берілмек.
Төтенше жағдай енгізілгендіктен, отандық кəсіпкерлердің жұмысы уақытша тоқтатылғаны белгілі. Сол себепті іскерлік орта қосымша қолдауға мұқтаж. Əсіресе бұл жұмыс орындарын сақтау мен жалақыны төлеуде аса маңызды. Сондықтан ең көп зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылады. Мұндай мүмкіндік қоғамдық тамақтану, сауда, көлік қызметі, консультациялық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да кəсіп иелеріне беріліп отыр. Олардың нақты тізімін төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бекітіп, қажет жағдайда толықтырып отырады.
– Президенттің мəлімдемесі кəсіпкерлерге үміт ұялатты. Өйткені, карантиннің алғашқы күнінен бастап бизнес шығынға ұшырай бастады. 6 айға салықтық жүктемеден босатылу сөзсіз əжептəуір қолдау. Себебі біздің кəсіпорын халық көп тұтынатын өнімдерді шығарады. Қызметкерлерімізді жалақы сақталмайтын демалысқа жіберуге мəжбүр болдық, – дейді қарағандылық кəсіпкер Галина Паршина.
Сол секілді Үкімет маңызды импорт тауарларына салынатын баж салығын алып тастау мәселесіне қатысты Еуразия экономикалық одағы елдерімен жұмыс жүргізуде. Президент Қ.Тоқаев жеке қорғаныш құралдары, өндіріске қажетті шикізат, вакциналар мен диагностикаға арналған құрал-жабдықтар жөнінде тиісті шешім қабылданғанын, сондай-ақ Қазақстанда жеткіліксіз азық-түлік тауарларына салынатын импорттық баж салығын төмендету бойынша шаруалар да жалғасып жатқанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы ұсынған қолдау пакеті əсіресе шағын кəсіпкерлік субъектілері үшін маңызды. Қолдауға мұқтаж кəсіпорындар елімізде аз емес. «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы олардың қордаланған мəселелерін жүйелеп, тиімді шешім əзірлеуге көмектесуге дайын. Осы жағдайдан шығу үшін экономистердің, заңгерлердің, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдауға əзірміз. Себебі қазір ірі бизнес те шатқаяқтап тұр. Оның ішінде өңдеуші өнеркəсіп секторын атауға болады. Елімізде орта жəне ірі бизнесте 3 миллиондай отандасымыз еңбек етеді. Сондықтан бұл мəселеге жіті көңіл бөлу қажет, – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.
Жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру үшін əкімдіктер және Үкімет («Мемлекеттік азық-түлік корпорациясы» арқылы) отандық агро және қайта өңдеу кәсіпорындарынан кемінде 6 ай бұрын өнім сатып алудың кепілді жүйесін жолға қоюға тиіс деген тапсырма жүктеді Президент. Бұл «алдын ала сатып алу» немесе «алынған өнім бойынша сатып алу» тетігі енгізілетінін аңғартса керек. Əйтсе де Мемлекет басшысы айтқандай, бизнес өкілдері өндіріс көлемін қамтамасыз ету, тұрақты бағаны ұстап тұру, жұмыспен қамту және өзіне жүктелген басқа да міндеттерді жауапкершілікпен орындауға тиіс.
Текетірескен елдер ымыраға келе ме?
1 сəуірдегі жағдай бойынша, эталонды шикізат маркілерінің арзандауы жалғасты. Дəлірек айтсақ, ICE Futures Лондон биржасында Brent мұнайы фьючерсінің бағасы барреліне 22,70 долларды құрады. Бұл алдыңғы сессиядағы бағамен салыстырғанда 0,6 (0,26%) долларға төмен. Осыған дейін оның құны 4%-ға жоғарылаған еді. Дегенмен, Нью-Йорк сауда биржасында (NYMEX) WTI мұнайы 0,51 долларға қымбаттап, баррелі 20,60 долларға саудалануда.
Bloomberg агенттігі Сауд Арабиясы нарықтағы шытырман ойынын қоймаса, Парсы шығанағындағы елдер үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін деп жазады. Сарапшы Дэвид Фиклингтің айтуынша, қара алтынның баррелі 20 долларға саудалануы жалғасса, 2027 жылға қарай саудиттер барлық табысынан қағылады. Бұл мұнай нарығындағы сауда соғысы онсыз да экономикасы тұрақсыз Парсы шығанағындағы елдерді тоқырауға жақындата түседі. Неге десеңіз, Сауд Арабиясының халықаралық қорларындағы табысы таусылуға жақын. Мұндай болжамға Bloomberg сарапшысы Халықаралық валюта қорының 2019 жылдағы мəліметтерін зерттеген соң келген.
Сондай-ақ оның пікірінше, егер мұнай бағасы барреліне 50-55 доллар шамасында болса да, 2024 жылы қордағы ақшаның азаюы импорт шығысының бес айлық көрсеткішіне тең болады.
Əлемдік мұнай бағасының құлдырауы ОПЕК-ке мүше елдердің өзара келіспеушілігінен орын алған-ды. Атап айтқанда, ОПЕК+ келісімінің негізгі қатысушылары Ресей Федерациясы мен Сауд Арабиясы мұнай өндіруді қысқартуға байланысты ортақ шешімге келе алмай, ақыры нарықта көмірсутек шикізатының профициті байқалды.
Экономикалық шиеленіске жауапты қос тарап бір-бірін айыптауда. Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин Ресей ОПЕК+ келісімінің талаптарын бұзбақ түгілі, одан шығуға мүдделі болмағанын алға тартты. Ресей үкіметі басшысының айтуынша, ресми Мəскеу келісімді екінші тоқсанның соңына дейін немесе жыл аяғына дейін созуға ұсыныс білдірген. Осы орайда 1 сəуірден бастап мұнай өндіруші елдер үшін шикізат өндірісін қысқартуға байланысты міндеттеме тоқтатылатынын айта кетейік. Осы өзгерістер наурыз айында мұнай бағасының 30%-ға төмендеуіне əкеліп соқты.
State Oil Marketing Organization (SOMO) Ирактың мемлекеттік мұнай компаниясы сəуірде мұнай экспортының көлемін ұлғайтуды көздеп отырғанын мəлімдеді. Артынша ОПЕК-тің тағы бір алыбы Кувейт Азиядағы тұтынушылары үшін мұнай баррелін 6 долларға дейін арзандатты.
Біріккен Араб Әмірліктерінің ADNOC мұнай компаниясы да шикізат өндірісінің көлемін тəулігіне 1 млн баррельге дейін арттырмақ ниетте. Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Саудия билігінің өкіліне сілтеме жасай отырып, бағаны төмендетудегі басты мақсат – «нарықтағы ресейліктердің əлеуетін əлсірету» деп жазған болатын. Алайда, ресми Эр-Рияд ресейліктерді нарықтағы басты серіктерінің бірі санайды. Saudi Aramco компаниясының басшысы Амин Насер мұнай өндірудің динамикасын тəулігіне 25%-ға, яғни 12,3 млн баррельге дейін арттыруды жоспарлауда.