Спорт • 03 Сәуір, 2020

Күрес: Грек-рим балуандарының рейтингі жарияланды

808 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біріккен күрес әлемі наурыз айында рейтингте көш бастаған спортшылар тізімін жариялады. Грек-рим күресінен үздік 10 балуанның қатарында бірнеше қазақстандық балуан да бар.

Күрес: Грек-рим балуандарының рейтингі жарияланды

Жаңарған рейтингтегі Қазақстандық балуандар арасында ең үздік көрсеткіш 55 килодағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жақанша Хорланға тиесілі. Ол әлем рейтингінде екінші орынға жайғасқан. Бұл салмақтың көшін Грузия балуаны Нугзари Цурцумия бастап тұр.

Былтыр елімізде өткен әлем біріншілігінде қола жүлде олжалаған 60 килодағы Мейрамбек Айнағұлов рейтингте 6-орында тұр. Ол бірінші орында тұрған жапониялық балуаннан 53 ұпай артта қалып қойған.

Төрт әлем чемпионатына қатысып, бір күміс, үш қола медаль жеңіп алған Алмат Кебіспаев (63 кг) қазір құраманың сөзсіз үздік балуаны. Оны рейтингтегі нәтижесінен-ақ байқауға болады. Кебіспаев қазақстандық балуандар арасында бірінші, әлемдік рейтингте жетінші орында.

2018 жылғы Азия чемпионы Асхат Ділмұхамедов (77 кг) рейтингте ТОП-10 балуанның тізімін қорытындылап тұр. 87 килодағы Азамат Қыстыбаев өткен рейтингпен салыстырғанда бір саты төмендеп, 6-орынға жайғасқан.

Ал 67, 72, 82, 97 және 130 кило салмақта өнер көрсететін балуандарымыздың нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі осы салмақтарда белдесетін бірде-бір балуанымыз рейтингте үздік 10 балуанның тізіміне енбеген.