Қазақстан • 03 Сәуір, 2020

Талдықорғаннан Тайыншаға дейін...

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көшпенділік көнеден келе жатқан ата дәстүріміз, баба бағы­тымыз десек қателес­песпіз. Жанға жайлы жайлау, малға жайлы қыстау, кө­ңілге қонымды көктеу, кү­тімі жақсы күзеуге орналасу – мал баққан қазақтың ма­ңыз­ды шаруасының бірі еді.

Талдықорғаннан Тайыншаға дейін...

Әлі де солай. Аттың жалы, атан­ның қомында күн кешкен халқымыздың көшпенділік мәдениеті де заман заңына сәйкес, жаһандануға ілесіп жаңғырғанын жасыра алмаспыз. Тамыры терең, тағылымы мол тарихи ғұрпы­мыздың ежелгі бейнесін ескіртпей, жолын жоғалтпай сақтап келе жатқан аймақтарды айтпай кетуге болмас. Мысалға, Қытай мен Моңғолия қазақтарында көш­пен­ділік әлі күнге бар. Оны көзімізбен де көргенбіз.

Қалай десек те, кіндігіңді кесіп, кіріңді жуған кіршіксіз мекеннен жыраққа жылжу жүрегі тас пенденің де жүзінен бір тамшы жасты үзбей қоймайтыны анық. Қимастық пен сыйластық, ауылдас пен бауырлас екі жақтан қысқанда еріксіз ет жүрегің елжірейтіні тағы бар. Отаның бір болса да, отауың бөлек болғасын көшіп барған жерің көңілге бірден жағуы екі талай. Бөтен аймақ, бөгде адам, бөлек ауыл. Құшақ ашып құрметтейтіндер де болады, сырттан келді деп сынай қарайтындар да табылады. Ал біздің кейіпкеріміз қазақтықтың қаймағы, Сүйінбай мен Жамбылдың аймағы Жетісу­дан желіп, Алатаудан асып, Арқа­дан аттап, соқпағын Солтүстік Қазақстанға салып, Тайыншаға табан тіреген екен.

Жақында жол түсіп аталған ауылға атбасын бұрған едік. Кейіп­­керіміз Серік Толықбай аға­мыздың дастарқанынан дәм таттық. Ауыл­дың ауасын жұтып, құрметін көрдік. Аз-кем әңгімеге тарттық. 

«Мен отбасыммен 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аудардым. Жасыратыны жоқ, алғашқыда жүрексіндік. Ол жақтағы жұрт қалай қабылдай­ды екен деген үміт пен күдіктің ара­сында арпалысқан сәттер де болды. Дегенмен түп-тамыры қазақтың қарашаңырағы болған соң, атауы орысша болса да, отауы қазақтікі болған соң тәуекел деп Петропавл өңіріне қарай атбасын бұрдық. Ол кезде оншақты қой, санаулы сиырымыз бар еді. Бұл жаққа келген күннен бастап мал шаруашылығына мән беріп, мемлекеттен берілетін жәрдемақы­ны алып, тұрмысымызды тұ­рақ­тандырдық. Қазіргі уақытта қойымыз да төлдеп, сиырымыз да көбейіп, тіршілігімізге сән бере бастады. Қоныс тепкен жеріміз ауылдық аймақ болған соң малсыз күн көру мүмкін емес. Оның үстіне бұл жақта сүт өткіземін десең арнайы көлікпен ауладан келіп сүт алып кететіні тағы бар. Менің бір түсінгенім, мал санын көбейтіп, артылғанын сатып, сүтін өткізіп ауылдық жерде де ауқатты өмір сүруге болады. Бүгінгі жағдайыма шүкіршілік етемін және осы шағын шаруашылығым арқылы шетелге де демалып қайтқанымды айтып кетсем деймін. Әр қазақ «Ауыл – ел бесігі» деген тәлімді тәмсілдің мәні мен маңызын терең түсінсе екен», дейді Серік Толықбай.

Иә, «әрекетке берекет» деген осындайдан шыққан шығар, бәлкім. «Қолы қимылдаған­ның аузы қимылдайды» деп Серік ағамыз секілді еңбексүйгіш жан­дарға айтса керек. Қысы қарлы болғанымен, жазы жайлы Жаңа­дәуір ауылының адамдары кісі­лік пен кішіліктің бағасын білетін жандар екен. Тайын­ша төңірегіндегі ауылдардың ахуалын сұрағанымызда ауыл тұрғын­дары айналдырған 2-3 жылдың көлемінде оңтүстіктен солтүстікке келген көш қалың дейді.