Аймақ басшысының айтыуынша, Қостанай облысында «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 13 435 жұмыс орны пайда болады. Қазірдің өзінде жаңа жұмыс орындарына тартылатын 6 718 адам белгілі болып отыр. Бағдарлама бойынша шалғайдан келіп жұмысқа орналасушылардың қолына бірден 85 мың теңге көтермеақы ұстатылады.
Сондай-ақ мобильді жұмысшы күшін қабылдау орындары құрылады. Жұмысқа орналасушылар осы жерден коронавируске тестілеуден өтіп, арнайы бөлінген көлікпен жаңа жұмыс орнына жеткізіледі.
-Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарына «Nur Otan» партиясы мен қоғамдық ұйымдар белсене кірісуі керек. Бағдарламаға тартылған кәсіпорындар жұмысқа орналасушыларға жақсы жағдай жасап, қорғаныш құралдарымен қамтуы керек, - деді облыс әкімі.
Архимед Мұхамбетов бизнес саласына да үлкен қолдау көрсетілетінін айтты. Облыстың шағын және орта бизнес саласында 51 494 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 160 мыңға жуық адам тұрақты еңбек етеді. Олардың қысқартуға түсіп қалмай, айлық жалақысын уақтылы алып отыруын қамтамасыз ету үшін көптеген кәсіпорындардың несие төлемінің мерзімі шегеріліп, салықтан босатылды. Мәселен, сауда орындары мен дәмханалар, транспорт, туризм, қонақ үй бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер 1 сәуірден бастап қазан айына дейін жарты жыл бойы салық төлеуден босатылды.
Қостанай облысы