Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Инфекцияны қайдан жұқтырғаны белгісіз

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін 3 сәуір күні Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаев онлайн режимінде өткізілген брифингте өңірде тағы да екі адам коронавирус инфекциясын жұқтырғанын мәлімдеді.

Инфекцияны қайдан жұқтырғаны белгісіз

Оның айтуынша өзін жәйсіз, нашар, сырқат жағдайында сезінген Ақтөбе қаласының тұрғыны медицина мекемесіне өз еркімен келіп жолыққан. Оған дереу тексерілу жүргізіліп қауіпті инфекцияны жұқтғырған-жұқтырмағаны жөнінде тест тәсілімен анықтаулар жүргізілген кезде бұл оң нәтиже көрсеткен.

«Науқастың Ақтөбе қаласынан өзге жаққа, соның ішінде шетелге шықпағаны, әрі шетелдіктермен қарым-қатынаста болмағаны белгілі болып отыр. Өңірдің өз ішінде коронавируске тап болған азаматпен байланыста болған адамдардың бәрі, яғни оның отбасы мүшелері мен тума туысқандары, жора жолдастары мен әріптестері және медицина қызметкерлері шұғыл оқшауланып, арнайы әзірленген орындарға жеткізілді. Олардың жалпы саны 56. Соның арасынан тағы да бір адам індет жұқтырған. Науқастар тұрған көп қабатты үйлер дезинфекцияланып, карантинге қойылды» деді облыстың бас санитарлық дәрігері.

Бұл жәйт тұрғындардан сақтандыру шараларын одан әрі күшейте түсуді ұқтырады.