Қазақстан • 03 Сәуір, 2020

Ауылдық жерде тұратындар карантин талаптарын қатаң сақтауы тиіс - министр

227 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.

Ауылдық жерде тұратындар карантин талаптарын қатаң сақтауы тиіс - министр

«Еліміз бойынша екі қалада – Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы күнделікті инфекцияның өсімі төмендеп келеді. Әрі қарай да карантиндік шаралар осы екі қалада күшейтілетін болады.Басқа өңірлерде өсім бар. Бірақ осы карантиндік шаралардың негізінде күн сайынғы өсім бір деңгейде. Әрине, осы Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының деңгейіне жеткізу үшін карантиндік шараларды енгізу қажет. Өкінішке қарай, Түркістан, Қызылорда облыстарында тек қана қалаларда емес, ауылдық жер, аудандық деңгейде де науқас тіркелді», - деді министр.

Коронавирустың тез таралатынына сенбейтін ауылдық жерлердегі халыққа министр карантин талаптарын орындау керегін ескертті.

«Ауылдық жерде тұратын кейбір азаматтар сенбейді. Коронавирустық инфекция бізге жетпейді, біз оны көрмейміз деп ойлайды. Өкінішке қарай, шындықты айту керек, қазіргі таңда өте үлкен қауіп осы ауылдық жерлерде. Мүмкіндік болса, барлық азаматтар отбасыларымен бірге үйде отыруы қажет»,- деді Е. Біртанов.

Егер екі аптаның ішінде карантин талаптарын сақтасақ, эпидемияның өршу қаупі төмендейді.

«Бірінші қауіп – қарт адамдардың жағдайы. Оларды бөлек бөлімшелерге отырғызып, қосымша тамақтандырып, медициналық көмек беріп, сыртқа шығармау керек. Сол уақытта қауіп деңгейі төмендейді деп сенеміз. Жалпы балаларға да, басқа азаматтарға да мүмкіндік болса үйде отырып, қажетсіз қарым-қатынасты тоқтату қажет. Осы екі апта шыдасақ әрі қарай эпидемияның деңгейі төмендеп келе жатыр»,- деді Елжан Біртанов.