«Сапалы жол» жобасы аясында қаладағы А2 көшесі мен Темірлан тас жолы арасындағы жол айрығындағы жол құрылыстары тексеруден өтті.
Шара барысында жол құрылысының талаптары қадағаланып, сапасы тексерілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға офицері С.Әсілбектің айтуынша қаладағы барлық салынып жатқан жолдар тексеруден өтеді. Олқылықтар шықса тапсырыс берушіге хат жолданып, кемшіліктер жойылмай қабылдауға алынбайды.
Жол сапасы жылжымалы зертханада тексеріледі. Асфальтты арнайы аппаратпен ойып, оның құрамы мен стандарты сараланады. Сонымен қатар жолдың ені көлемі де назардан тыс қалмайды.
«2019 жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттегі жол құрылысындағы қателіктерге 800-ден астам ескертпе жасалған. Міне бүгін тағы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірге тексеруге шықтық. Нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз» - деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Шымкент қаласы бойынша филиалының инспекторы Қ.Шакиров.
Айта кетейік, жыл басынан жүргізілген 2 рейдтік шара барысында 27 бұзушылық анықталып, кемшіліктерді қалыпқа келтіру үшін тиісті мердігер мекемелерге ескерту жасалып, сапасыз салынған жолдардың құрылысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.