Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Түркістан: Еріктілер жадынама таратып, тұрғындардың есіне салды

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде құрылған Ахуал орталығының қызметкерлері әлі де болса үнемі ескертіліп келе жатқан, орындалуы тиіс тазалық шараларына бей-жай қарап, мән бермейтін тұрғындар аз емес екенін айтуда.

Түркістан: Еріктілер жадынама таратып, тұрғындардың есіне салды

Қазіргі таңда індеттің таралмауы үшін қоғамдық орындарда, дүкендер мен мекемелерде дезинфекциялық жұмыстардың жүруі, санитарлық нормалардың сақталуы өте өзекті. Сол себепті, өңірдің ерікті жастары Ахуал орталығының бастамасымен қоғамдық орындарда тазалық сақтау, дезинфекция жасау нұсқаулығы жазылған 1000 дана жадынама таратты.

Мұндағы мақсат – адам көп шоғырланатын орындарда тазалық жұмыстарын жиі жүргізуді ұйымдастыру, меншік иелеріне індеттің қаупі жоғары екенін түсіндіру. Бір реттік қана дезинфекция жасатумен шектеліп, кірер есіктерді дәкемен орап қою секілді антисанитариялық жұмыстарды атқару аздық ететінін айту. Сақтық шараларын жиі жасау арқылы індеттің таралуына тосқауыл қою қажеттігін ұғындыру. Ақпарат құралдары арқылы да айтылып, жазылып жүрген талаптарды тұрғындардың есіне қайта салу, яғни жадын жаңғырту. Ахуал орталығының бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары жалғасуда.

1