Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Тараздықтар Халық Қаһарманын еске алды

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов тірі болғанда 49 жасқа толар еді. Ол 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында орын алған террорлық әрекет салдарынан қаза тапты. Оған сын сәтте көрсеткен ерлігі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілген болатын.

Тараздықтар Халық Қаһарманын еске алды

Қаскөйді құрықтау кезінде қаза тапқан азаматтың ерлігі әрдайым ел есінде. Батырдың туған күніне орай бүгін Тараз қаласы полиция басқармасының саптық алаңында еліміздің Мемлекеттік туы көтеріліп, Мемлекеттік Гимні орындалып, еске алу іс-шарасы өтті. Аталған шараға Тараз қаласы полиция басқармасының жеке құрамы мен жас мамандары қатысты. Жиын барысында Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары С.Сексенбаев баяндама жасап, Ғазиз Байтасовтың ерлігі жөнінде және оқиға орын алған күн турасында әңгімеледі. «Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасов қауіпсіздікті сақтау ісінде өзінің нағыз отансүйгіштігін дәлелдеген полицей және лаңкес бейбіт адамдарға оқ жаудыра бастағанда, ойланбастан оларды құтқару үшін өзін құрбан еткен азамат. Оның ерлігі мен қызметіне деген адалдығы кейінгі жастарға ұмытылмас өнеге болары анық», деді ол. Сонымен қатар, әріптестері батырды еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялады. Жамбыл облыстық полиция департаментінің алдына орнатылған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың бюстіне және қаза тапқан жеріне гүл шоқтары қойылды.

 

Жамбыл облысы