Коронавирус • 04 Сәуір, 2020

Маңғыстау: Коронавирус инфекциясын жұқтырған ерлі-зайыптылар туралы деректер белгілі болды

8169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева хабарлады.

Маңғыстау: Коронавирус инфекциясын жұқтырған ерлі-зайыптылар туралы деректер белгілі болды

Бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 3 адам тіркелді. Соңғы екеуі кеше түнде анықталды. 3 сәуірде белгілі болған 2 науқас - ерлі зайыптылар. Жағдайлары орташа ауыр деп бағаланып отыр. Екеуі де инфекциялық бөлімге бокс палаталарға жатқызылды. Зертханалық және диагностикалық тексерістер жүргізілуде, барлық ем шаралары басталды. Қосымша бейінді маман дәрігерлері жұмылдырылды.

50 жастағы ер адам Қызылорда облысының тумасы. Ақтауға жұмыс бабымен әйелімен және 9 айлық қызымен 12 наурыз күні келген. Ақтаудағы жеке компания директорының кеңесшісі.

Науқастың әйелінен де коронавирус инфекциясы анықталды. Ал, баласына жүргізілген сараптама нәтижесі теріс болып шықты. Дәрігерлер нәрестеге тағы да сараптама жасалатынын мәлімдеді. Айта кетейік, науқас 4 күн бұрын жеке емханаға хабарласып, ақылы дәргерлік қызметке жүгінген. Хроникалық бронхит диагнозы қойылып, ем тағайындалған. Науқаспен байланыста болған клиниканың 5 қызметкері де окшауланып, провизорлық госпитальге жатқызылды. Инфекцияны жұқтырған ер адамның 2-рет такси қызметіне жүгінгені анықталды. Екі такси жүргізушісі өздері хабарласып, оқшауланды. Қазір карантинде жатыр. Жалпы, науқастармен байланыста болған 42 адам оқшауланды. Оның 10-ы провизорлық госпитальде жатыр. Қалғаны үй карантинінде, дәрігерлердің бақылауында. Науқастар уақытша тұрып жатқан Ақтау қаласындағы 11 шағын ауданда орналасқан 10-үйдің подъезді карантинге жабылды. Карантинге жабу кезінде сол үйдегі бір пәтерге қонаққа келген Бейнеу ауданының тұрғыны 3-қабаттан секіріп, қашпақшы болады. Омыртқасын сындырып алып, қазір ауруханада жатыр. Сол себепті, өңір тұрғындарын үйден шықпауға шақырамыз. Қызуы көтеріліп, тұмау белгілері білінген бойда, жеке клиникалар, аурухана, емханаларға бармай, жедел жәрдемге немесе емханаға қоңырау шалып, жағдайын баяндауы тиіс. Бүгінгі таңда науқастармен бір вагонда келген жолаушылардың тізімі анықталып, тексеріліп жатыр. Қазіргі таңда облыс бойынша 19 дәрігер, 115 орта буын мейірбике, 52 кіші буын қызметкер қызмет етуде. Жеке қорғаныш құралдары жеткілікті. Күні кеше аймаққа қосымша 560 көп реттік қорғаныш костюмдері келді.