Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

Ақтөбе облысы: Рұқсат алу үдерісінде кідіріс көп

547 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індеті қанша жерден қысқанымен, алқымға алғанымен облыстар мен аудандар арасында азық-түліктер мен медициналық құрал-жабдықтар жеткізетін автокөліктер тоқтамайтыны аян. Бұл үшін кәсіпкерлер кіргізу-өткізу рұқсат қағазын алуы қажет. Бұл тәртіптің ішінара қазіргі күні де жұмыс жасап жатқан өндірістік кәсіпорындар мен компания иелеріне де қатысы бар. Әйтсе де олар пропуск алу мәселесінде бірқатар қиындық пен кедергілерге кездесіп отыр. Олардың бірқатары Ақтөбе-Атырау трассасы бойында Алға бағытындағы №41 разъездің тұсында өз талап-тілектерін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жеткізді. Олардың айтуынша, өткізу-кіргізу қағазын алу үдерістері ұзақ уақыт алады. Мұндай жағдайда ең тиімдісі көп қолданылатын пропускіге қол жеткізу болмақ. Ал бұл аса қажетті іс дер кезінде шешімін таппай келеді. Сонда не істеу керек?

Ақтөбе облысы: Рұқсат алу үдерісінде кідіріс көп

Бұл сауалды кәсіп иелері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновке қойды. Соған сәйкес ол бұған дейін орын алған әкімшілі кедергілерді жою жөнінде шұғыл шаралар алынғанын жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі күні көп және бір рет қолданылатын рұқсат қағаздар беру үдерісін автоматтандыру жөніндегі мәселе қолға алыныпты.

Кәсіп иелерінің айтуына қарағанда қазіргі таңда қолдарында электрондық рұқсат қағаздары бар жеке тұлғалар да кідірістерге тап болып отыр екен. Мәселенің мәнісі тоқтату бекеттеріндегі қондырғылар QR кодын есепке алуға қабілетсіз болып шығуында көрінеді. Оны толықтай орнықтыру әлі де бірер күн уақыт алатынын жауапты тұлғалар жоққа шығара алмады. Сондықтан да облыстық әкімдіктің индустриялдық-инновациялық даму жөніндегі басқармасына мәліметтер базасына азық-түліктер мен індеттен сақтандыру құралдарын жеткізетін автомобильдің нөмірін қолмен толықтыру жөнінде тапсырмалар берілген.

Бұған дейін облыс аумағында бірнеше блок-бекеттерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен «Ақтөбе –адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бірлесіп жүргізген мониторингтер кезінде шұғыл түзету мен қалпына келтіруді қажет ететін өрескел кемшіліктер орын алғаны анықталған.

 

Ақтөбе облысы