Әлем • 05 Сәуір, 2020

Трамп пен Ресейдің мұнай үшін тартысы

922 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Путин АҚШ Президентіне қарымта соққы беру үшін Иран мен Венесуэланы құрбандыққа шалды. Демократтар Мәскеуге мүмкіндік беруі ықтимал.

Трамп пен Ресейдің мұнай үшін тартысы

Уолтер Рассел Мид

«Wall Street Journal»

Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы бақталастық – дәуіріміздегі бағасы берілмеген геосаяси жаңалық болуы мүмкін. Америкалық демократтардың көбі президент Трамп әлі күнге дейін Путиннің қолшоқпары екеніне сеніп жүргенде, Кремль қымбат әрі тәуекелге толы стратегия қабылдады. Бұл қадам АҚШ-тың негізгі ықпалы деп есептейтін нәрсеге бағытталған. Кейінгі аптада күрес күшейе түсті. Өйткені Ресей байырғы серіктестері Венесуэла мен Иранды құрбандыққа шалып, Трамп әкімшілігінің әлемдік энергетика нарығын өзгертіп, Мәскеудің ықпалын бәсеңдетуге арнаған қадамына қарсы әрекетке талпынды.

Сауд Арабиясы мұнай бағасын арзандатпау мақсатында ортақ келісімге Мәскеудің көзін жеткізуге тырысқан. Кремль тарапы бағаны реттеу үшін өндірісті азайту жөніндегі Эр-Риядтың ұсынысын қабылдамағаннан кейін, Сауд Арабиясы мұнайға сұраныстың төмендеуіне қарамастан өндіріс көлемін арттыратынын мәлімдеді. Сауд Арабиясы бағаны құлдырату арқылы ОПЕК ұсынған келісім аясында Ресейдің өндіріс көлемін азайтуынан үміттенген секілді.

Путиннің жауабы Сауд Арабиясы мен әлемдегі мұнай магнаттарын таңғалдарды. Ресей өндіріс көлемін көбейтетінін мәлімдеді. Содан бері мұнайдың бағасы барреліне 20 долларға дейін түсті. Ресейдің мемлекеттік бюджетінің 40 пайызын мұнай құрайтынын ескерсек, бұл – үлкен құрбандық.

Әйтсе де, бұл стратегияның саяси да, экономикалық та кері әсері бар. Мәскеудің басты серіктестері саналатын Иран мен Венесуэла мұнай экспортына аса тәуелді, сондықтан оның бағасының құлдырауы аталған елдердің экономикасына ауыр соққы.

Екі мемлекет онсыз да табысының күрт азаюынан зиян шегіп отыр. Венесуэладағы мемлекеттік мұнай компанияларындағы жемқорлық пен тиімсіз басқарудың салдарынан өндіріс көлемі кейінгі екі жылда үш есе азайды.

Иран 1979 жылғы революцияға дейін күніне 5,5 миллион баррель мұнай экспорттаса, қазіргі таңда оның көлемі 2,3 миллион баррельден 250 мың баррельге дейін азайды. Сондықтан Венесуэла да, Иран да мұнайды қара нарықта арзан бағамен жеңілдік арқылы сатуға мәжбүр.

АҚШ-тың санкциясы, коронавирустың эпидемиясы және экономикасы құлдыраған қиын тұста Мәскеу Иранның ту сыртынан пышақ қадағандай болды.

Неліктен Кремль осындай тәуекелге барып, шығынға батып отыр? Америкадағы мұнай мен газдың өндірісінің артуы Ресей билігіне, тіпті Путин өктемдігінің тұрақтылығына тікелей қатер төндіреді. Трамп ел тізгінін қолға ұстағалы АҚШ өз артықшылығын тиімді пайдаланып келеді. Ол тақталы мұнайды жарнамалап қана қоймай, Германияға тікелей апаратын екінші бағыт – «Солтүстік ағын-2» газ құбырына санкция салып, Ресейдің жоспарына тосқауыл қойды. 2019 жылғы қарашадан бері АҚШ сұйытылған газ жеткізу бойынша Еуропалық одаққа өте көп экспорттаушы атаса, Қытай мен Жапонияға экспорт көлемі артып келеді. Сонымен қатар Трамп әкімшілігі мұнай мен газды өндіру және тасымалдау, сұйытылған газ терминалдары мен құбырын салу жөніндегі заң жобасын әзірлеп жатыр.

ОПЕК елдері және Ресей-де өндіріс көлемін азайтуға қатысты Сауд Арабиясының стратегиясы бағаның өсімін қамтамасыз еткен. Бірақ бағаның жоғарылауы америкалық тақтатас мұнайының артуына әкелді.

Путин баға арқылы соғыс ашу америкалық тақтатас мұнайы өндірісіне кері әсер етуінен үміттенеді. Өйткені Ресейде оны өндіру шығыны әлдеқайда арзан. Тақтатас нарығы қарызға бата бастады. Егер кіріс азая берсе, қазіргі көптеген компания банкротқа ұшырайды. Ал инвесторлар мұнай саласына жоламайды.

Қазіргі таңда Ресей басымдыққа ие секілді. Техастың мұнайшылары Техас темір жолы комиссиясынан өнеркәсіп өндірісінің шегін бекітуді сұрамақ. Ал Трамп бұған дейінгі арзан мұнай туралы айтқанын естен шығарып, Путинді мұнай нарығын ретке келтіруге шақырды.

Ендігі мәселе мынада: Америка маңызды отандық өнеркәсіпті шетелдік державадан қорғау үшін не істеуі керек? Трамп Путиннің қолшоқпары деп ойлайтын демократтардың жауабы анық. Егер Мәскеу АҚШ-тың тақтатас мұнайы индустриясын қиратса, Америкаға да, әлемге де қызмет етеді. Трамп әкімшілігі ұсынған АҚШ-тағы мұнай өндірісін жетілдіру мақсатында 77 миллион баррель мұнайды құны 3 миллиард доллар болатын Стратегиялық мұнай резервіне жіберу бастамасы экономиканы жандандыру үшін бөлінген 2 триллион долларлық жобаға енген жоқ. Өйткені демократтар мұны алпауыт мұнай компанияларына көмек деп есептеді.

Бұл мәселе әлі бар. Тақтатас мұнайына қарсылар АҚШ-тың сыртқы саясатындағы энергетика саласының орны туралы мұқият ойлануы қажет. Тақтатас мұнайын өндіру кезінде кездесетін климаттың өзгеруі және басқа да экологияға қатысты мәселелерге алаңдау маңызды, бірақ америкалық энергетика саласының геосаяси маңызын да ұмытпаған жөн. Бізге Иран, Ресей және Сауд Арабиясы нарыққа әсер етіп, өз ыңғайына бұрып, жаһандық ахуалды қалыптастыруда мұнай байлығын қолданатын әлем керек пе? Мүддесі біздің мүддемізге қарсы келетін Таяу Шығыстағы мұнай өндірушілеріне әрдайым байланысты болып қалғымыз келе ме?

Егер Демократиялық партияның тақтатас мұнайы жөніндегі ұстанымы Д.Трамппен күресте Путинге зор мүмкіндік берсе, қызық сонда болар еді.

 

Аударған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ