Қоғам • 05 Сәуір, 2020

Бетперде киген көктем - 5

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күшейтілген карантин. Әуелде таңсық болды, тіпті сені шектейтін әлеуметтік догма секілді сезілетін, уақыт өте келе өмір сүру образына айналып барады. Аз уақыт ішінде біз соған бейімделіп келеміз. Ал терезе сыртындағы көктем ештеңеге көнер емес.

Бетперде киген көктем - 5

Себебі, көктем мезгіл ғана емес, жанның күйі ғой. Ойлар мен сезімдер готикасының күйелеш қабырғаларын қирату. Жүрек ренессансы.

Көңіл күйім – квантты. Атомдар бір сәтте бірнеше жерде бола алады. Адам да – атомдар жиынтығы. Соған сәйкес, мен де қазір үйде немесе редакцияда ғана емес, бірнеше жерде өмір сүріп жатырмын. Барсхан бауларында жәудір көзді жікіл сұлуына жыр оқып тұрмын. Сансыз Сайрамилермен бірге Отырар кітапханасындамын. Мұхаммед Хайдар мырзаның жанында бір сәтте жоқ болып кеткен қалаға қараймын. Жошы мазарының алдындағы балбал тастардың төртіншісімін. Сарыарқа пирамидасын салып жатырмын. Джомолунгмада әлемге көз салып тұрмын. Америка жағалауында Колумбты қарсы алудамын. Үйде балаларды ойнатып отырмын. Екі тарихшының дауласқанынан қажып, олардан жырақ кетіп, қырға қарап отырмын. Рәшид әд-Дин Қорқыт атаны қайы тайпасынан десе, Әбілғазы баяттан дейді. Теңіз жағалауында түрік ақыны Пармақсыз бен әзербайжан шайыры Хаял Рзамен әңгімелесіп тұрмын. Тағы да Қорқыт жайлы. Әулиенің мазары Қармақшыда десем, бірі Дербентте, тағы бірі Масатта дейді.

Бұрынғы әулиелер атомдар хикметін меңгерген. Жо-жоқ, бұл телепортация емес, олар шын мәнінде бір сәтте бірнеше жерде бола алған. Дәдам Қорқыт бүкіл түркі халықтарының кеңістігінде көшіп жүрген. Атом хикметін меңгерген жан ажалды да жеңгісі келген. Қорқыт бір сәтте бірнеше жерде қаза тапқан. «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» дегенде аталармыз осы оның жерленген бірнеше мазарын айтты емес пе?!.

Көшпелі өркениет – тарихтың квантты көңіл күйі. Қола дәуірінде бірнеше қала салған халықтың перзенті ретінде, ата-бабамыз көшіп-қонып қана жүрген деуден менің тарихи көңіл күйім жапа шегеді. Теһранда шатырға шыққан мысық Таразға дейін жерге түспей келеді. Жібек жолындағы керуендер бір сызық бойында қазақ даласындағы ондаған қалаға кіреді.

Бетперде киген көктем. Біздің квантты көңіл күйіміз. Адам өзін шектегенде ғана шектеледі. Атомдар үш өлшемнің шекарасында ғана өмір сүрмейді.