Қоғам • 05 Сәуір, 2020

Есік неге «тесік»?

1170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемді бір уыс қылып бүрістіріп,  дәннің қауызына сыйғызғандай сыға қойған жұқпалы коронавирус індетінің ауқымы ауадай жайылып барады. Әлемнің дәрігер, өзге де ғалымдары шұқшия зерттеп, бас қатырғанмен, әзірге ауыздықтата қоймаған ауру біздің елімізде де өз ылаңын салып әлек. Барлық елдердегі сынды індеттен қорғану үшін сақтық шараларын күшейту жұмыстары қарқынды қолға алынды.

Есік неге «тесік»?

Маңғыстау өңірінде қазіргі таңда 3 науқас тіркелді. Алғашқысы Ыстамбул қаласынан Ақтау халықаралық әуежайына келіп қонып, Орал қаласына жол тартпақ болған батысқазақстандық жолаушы жігіт болса, қалған екеуі Қызылордадан жұмыс бабымен Ақтауға келген ерлі-зайыптылар. Алғашқы қонақтың ешкіммен араласпағаны анықталды, ал Ақтауға наурыз айының 12-сінде келген қызылордалық қонақтардың бір айға жуық уақыт ішінде қанша адаммен араласып, қанша адаммен қол алысқанын ешкім білмес. Анықталғаны – қаралған дәрігері, тоқтатқан таксиінің жүргізушісі сынды олармен нақты байланыста болған тұлғалардың оқшауланғаны.

Ерлі-зайыптылардан инфекция анықталған күні түнде сақтық шарасы негізінде олар уақытша мекен еткен Ақтау қаласының 11 шағын ауданындағы № 10  үй тұтас карантинге жабылған болатын. Артынша әлеуметтік желілерде аталған үйдің кіреберісінің есігін дәнекерлеп тастапты деген ақпарат тарап,  «терезе» салынған есіктің суреті шарлап кетті.

– Әлеуметтік желілерде бір суретке негізделген жалған ақпарат тарауда. Адамдар бір-біріне «подъездің есігін құлыптап, жауып тастаған, тек саңылау қалдырған» деп сурет жіберіп, осыған қарап пікір білдіруде. Карантин режимінің талабына сәйкес, науқас анықталған подъезд тұрғындары оқшаулануы керек. Тәулік бойы полиция қызметкерлері тұрады, күндіз әкімдік қызметкерлері тұрғындардың сұранысына орай азық-түлік пен керек-жарақтарын уақытылы жеткізіп тұрады. Барлығының ұялы телефон номерлері жазулы. Әрқайсымен байланысып тұрамыз. Сондықтан есіктің ашық екенін жеткіземіз және түнде ғана сыртынан жабылады. Саңылау не үшін жасалды? Түнде ыстық тамақ пен басқа да заттарды апарушыларға ыңғайлы болу үшін және тұрғындар қоқыстарын шығару үшін жасалды, –деген түсінік берді Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәселеге орай.

Сондай-ақ  қала әкімінің баспасөз қызметі КВИ жұқтырған ерлі-зайыптылар тұратын үй толығымен дезинфекцияланғанын хабарлады. Үйдің айналасында 500 метр арақашықтыққа дейін орналасқан жол, ойын алаңы, спорттық алаңдар, тіпті теректерге дейін залалсыздандырылып,  үйдің барлық подъезін 1-қабаттан бастап арнайы мамандар тазалаған. Сондай-ақ подъезд тұрғындарына санитарлық мамандар барлық ережелерді түсіндірген. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі тұрғындарға жағдайға түсіністікпен қарап, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Қазір оқшауланған подъездің тұрғындары әрбір жазбаны оқып отыр, оларға  әрі оқшаулану, әрі әртүрлі желдей ескен сөздерді оқып-білу оңай емес, сондықтан оларға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету қажет екендігі айтылды.

Соынмен, есік – тесік, бірақ дәнекер – бекер.

Демек, «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей, сақтанудың кемі жоқ...

 

Маңғыстау облысы