Аймақтар • 05 Сәуір, 2020

Карантин: Маңғыстауда мал азығы мәселесі туындап тұр

481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирус инфекциясына байланысты қабылданған сақтық шаралары негізінде алдымен Маңғыстау облысында бірқатар шектеу шарасы енгізілді. Одан соң көп ұзамай карантин енгізіліп, енді 6 сәуірден бастап күшейтілмек. Оған әлемдегі, еліміздегі және өңіріміздегі аталған инфекцияның таралу ауқымы себеп.

Карантин: Маңғыстауда мал азығы мәселесі туындап тұр

Халыққа шектеу қойылған қызметтер тізбесі мен жол қатынасы қозғалысы туралы мәліметтер ұсынылып алдын ала хабарланды. Меншік нысанына қарай әр сауда нүктесінің, қызмет көрсет орталықтарының және түрлі кеңсе-ғимараттардың жұмысы реттелді. Адамдарға қажетті азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысына рұқсат етілді.

Бірақ, қала іргесіндегі ауыл тұрғындары үшін қолдарындағы азын-аулақ малдары мен құстарының азығын тауып беру күрделі мәселеге айналып шыға келді. Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр, Сайын ауылдарында жем-шөп сататын барлық сауда орындары карантинге жабылғандықтан тұрғындар тығырыққа тіреліп отыр. Олар арнайы малшысы өріске шығаратындай отар қой немесе ірі шаруашылық емес – әр үйдегі бес-алты жандық, бір-екі ірі-қара және аз-маз үйрек, қаз, тауық сынды құс түрлері. Карантин кезінде ауыл адамдарының тұс-тұстан тырағайлатып құс қуып, андыздап өріске мал айдап бара жатуы да орынды емес. Оның үстіне ағынды суы жоқ өңірде құс баласы аулада, үнемі үй маңында болады. Оған қазір қыстың құрсауынан  кеше құтылғанмен сызы әлі сейіліп үлгермеген далада мал езуін жарытып, қарнын қампайтатын көктің өсіп-жетіле қалмағаны тағы бар.

- Ақшұқыр, Сайын ауылдарындағы малға жем сататын сауда орындарын түгел жаптырған. Елдегі жағдайды, індетті, карантинді толық түсінеміз, бірақ жағдайды жан-жақты ойластыру керек қой, тіпті жеткізіп беру мәселесін жолға қойса да жақсы болар еді. Халық не істеуі керек - малдарын далаға шығаруға болмайды, қорада жем жоқ. Ауылдық жер үшін осы жағдайлар нақтыланып қаралғаны дұрыс. Құзырлы орындардан көмек сұраймыз, жағдайдың қиын екендігін түсінеміз, бірақ карантиннен соң да өлмеген жанға өмір бар, тірлігінің өзегі болған мал-құстың да жайын тасада қалдыруға болмайды, - дейді ауыл тұрғындары.

Сонымен, Маңғыстауда «Жем-шөбі жоқ, өріс жоқ, малдар қайтіп күн көрер?» дегендей, қорасына мал ұстаған ағайын абдырап отыр. «Қыстың көзі қырауда» деп мал азығын артығымен жинап қоятын қыс мезгілі емес, жер аяғы кеңи бастаған мамыражай шақ, алды жаз болған соң қамданбай қалған малды жұрттың мазасын қашырған мәселе осы болып тұр.

 

Маңғыстау облысы