Яғни 2020 жылдың 7 сәуірі күні сағат 00:00-ден бастап Қарағанды облысының карантиндік аймағына кіруге және одан шығуға тыйым салынды. Карантиннің айрықша тәртібі Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларына, сондай-ақ Бұқар жырау ауданының Доскей, Үштөбе, Ботақара, Ғабиден Мұстафин атындағы ауыл, Петровка сияқты бірнеше елді мекеніне енгізіледі.
Нақтырақ айтқанда, бұл елді мекендердің тұрғындарына үй-жайларынан шығуға тыйым салынады. Тұрғындар, үйден жұмысқа, дүкенге немесе дәріханаға (тұрғылықты жерінен 1 500 метрден аспайтын радиуста орналасқан), шұғыл жағдайда медициналық мекемелерге бару үшін, үй жануарларын серуендетуге (үйден 500 метрден аспауы тиіс әрі карантиндік үйдің тұрғыны болмауы ) және қажет болған жағдайда мал дәрігерлік клиникаға бару үшін ғана шыға алады. Сондай-ақ банктік операциялар жасау немесе жанармай сатып алу үшін шығуға рұқсат беріледі.
– Карантиннің ерекше тәртібі енгізілген аумақта қалалар мен аудандардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелердің ғана жұмысы жалғасады. Басқа ұйымдардың барлығы қызметін уақытша тоқтатады. Сондай-ақ кәсіпорындар өз қызметкерлерін жұмысқа міндетті санитарлық өңдеу шарты орындалған қызметтік көлікпен ғана жеткізе алады. Жұмыс уақыты аяқталған соң оларды қайта үйлеріне жеткізулері тиіс, – деді Қанат Асқаров.
Карантиннің ерекше тәртібі енгізілген елді мекендер аумағындағы жолаушы тасымалы қаланың ішінде және сыртқы жолдарында толық тоқтатылады. Тек санитарлық нормалар қатаң сақталған ресми такси қызметін пайдалануға ғана рұқсат беріледі. Оның өзінде, көлікте тек бір ғана жолаушы болуы тиіс.
Тағы бір айта кететін жайт, жерлеу рәсімдеріне де ерекше талаптар қойылады. Мәселен, жаназаға марқұмның жақын туыстары ғана қатыстырылады. Әрі олардың саны шектелген: 10 адамнан аспауы тиіс және олар жерлеу кезінде бір-бірінен 2 метр қашықта тұруы керек.
Қарағанды облысы