Жуырда банктер мен журналистер арасында онлайн-кездесу ұйымдастырған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы мен Микроқаржы ұйымдары қауымдастығының өкілдері қаржы институттарының төтенше жағдайға бейімделіп үлгергенін, соның салдарынан туындайтын жағдайдың бәріне дайын екенін айтты. Жаңалық – қарыз алушылар кешіктірілген төлемдердің айыппұлын төлемейді. Ол үшін банкке барудың қажеті жоқ. Күндіз де, түнде де онлайн-жүйеге көшкен банктің сайтына өз атынан өтініш тастаса болды. ТЖ кезінде жағдайын қиындатып алған ШОБ субъектілері мен жеке кәсіпкерлер үшін 90 күндік жеңілдік мерзімі де қарастырылды. Ол үшін несиені төлеу мерзімін ауыстыру туралы кестеге қол қойса болды. Бұл өтінішті де онлайн-режімде толтыруға болады.
Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жабылып қалған ШОБ субъектілеріне қатысты алгоритим қандай болатынын қаржыгерлер қауымдастығы өкілдері айтқан жоқ. Банк өкілдерінің үнсіздігіне қарап, жоғарыдан келген пәрменді бойларына сіңіріп үлгере алмай жатқанын түсіндік. Себебі кері шегінуге жол жоқ. Ағынға қарсы шықса, клиентінен айырылады.
Қаржы институттары қайырымдылық қоры емес, бизнес. Банктің шығындары қандай болатынын карантиннің ұзақтығы мен ШОБ субъектілерінің қайта қалыпқа келу мүмкіндігі көрсетеді. Жиынға қатысқан банк өкілдері уақыттың шығынды есептеуге мүмкіндік бермей жатқанын айтты. Алдын ала болжамдар бойынша жағдай жақсарып кеткеннің өзінде жыл соңында табыстың 30-40 пайызынан айырылып қалатынын бәрі сезіп отыр. Дағдарыс ұзаққа созылып кетеді деп ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ жиын барысында ұққанымыз, банктер cоның да жолын, басқаша айтқанда «Б-жоспарын» ойлап қойыпты. «Банктер мен ШОБ субъектілері бір кемеде отыр. Оңтайлы шешім қабылданбаса, жартасқа барып соғыларымыз анық. Сондықтан Үкіметтің шешімін күтіп жоғарыға қарай бермей, әркім өзінің мүмкіндігіне қарай тірлікті жалғастырып, соны Үкімет пен Ұлттық банктің шешімімен үйлестіру керек» дейді жиынға қатысқан банк өкілдері.
Осы жиынға қатысқан қаржы сарапшысы Лидия Бондаренко бізге банк пен қоғам арасындағы байланыс кешегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезде де аса жақсы болмағанын айтты. 1990 жылдардың бас кезіндегі клиент пен қазіргі клиентті салыстыруға болмайды. Банктер клиенттердің өзгергенін қаламайды, ал клиенттер банктердің 30 жылдан өзгермей келе жатқан ұстанымына көнгісі келмей, ұстанымдарының өзгергенін қалайды. Қазір клиенттерде қазақстандық банктердің несие беру жүйесін шетелдік қаржы ұйымдарының тәжірибесімен салыстыруға мүмкіндік бар. Қазақстандық банк жүйесінде реттелмеген тетіктердің бірегейі де осы.
«Біздегі банк жүйесі уақытша пайдаға ғана сүйеніп жұмыс істеп келді. Нәтижесінде, миллиардтармен жұмыс істейтін ірі бизнес өкілдері шетелдік банктерге кетті. Қазақстандық банктердің еншісіне миллиондармен ғана жұмыс істейтін ШОБ қана қалды. Бірақ олардың өзі банкке емес, қор биржаларында акциямен жұмыс істеуге көшті. Оның тәуекелі жоғары болса да, пайдасы банк несиесінен тиімді. Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің пайызын көтерді. Ендігі жағдайды ешкім болжап айта алмайды. ШОБ-ты банктің несиесі емес, мемлекеттің көмегі ғана тығырықтан алып шығады, біз енді ШОБ субъектілерінің жағдайына тәуелдіміз», дейді Л.Бондаренко.
Шетелдегі несие пайызының ең жоғарысы 4 пайыз болса, біздегі мөлшерлеме – 25 пайыз. Алдағы уақытта оның қанша пайызға көтеріліп кететінін бәріміз біліп отырмыз. Қазақстандық банктердің бірде-бірі шетелдік қаржы ұйымдарымен несие линиясы бойынша келіссөз жүргізе алмайды. «Олармен келіссөздер жүргізу үшін ең кемі 500 млн мен 1 млрд долларлық келісімшартқа отыру керек. Біз келіскіміз келсе де олар бізге бермейді. Шетелдік қаржы институтарынан келген қаржы көзі Ұлттық банк арқылы таратылады. Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге несие бөлер кездегі маржасының пайызының өзі қандай екенін біз білмейміз. Содан кейінгі атқарылар жұмыстарға жұмсалатын шығындар несие пайызының 5 пайызынан асып кетеді. Мұның бәрі айналып келгенде 25 пайыздың үстіне көтеріледі. Бұл орталықтандырылған жүйенің зардабы. Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк алдағы уақытта екінші деңгейлі банктердің шетелдік қаржы институттарымен байланысқа шығу мүмкіндігін қарастыруы керек», дейді сарапшы.
Сонымен банктер жоғары пайызбен тұтынушының қалтасын қаққаны үшін Ұлттық банк те жауапты екенін айтса, Ұлттық банк өкілдері «AQR қорытындысы олардың қалай жұмыс істеп келгенін көрсетті. Енді бәрі басқаша болады» дейді. Біз де соған сенгіміз келеді.
Наурыз айының ортасында қазақстандық 7 банк клиенттерін қолдау үшін бағдарламаларын жариялаған болатын. Олар – Алтын банк, Альфа банк, Евразиялық банк, Forte, Jýsan, Kaspi және Хоум Кредит. Клиенттерді қолдау бағдарламасы несиені үш айлық мерзімге кейін шегерумен шектеліп қалды. Назар аударатын мәселе, мұндай жеңілдікке бұрын несиені уақытылы төлеп тұрғандар ғана ие бола алады. «Ал қалғандары қайтеді?» деген сауалымызға банк өкілдері қолдау бағдарламасы әлі жетілдірілетінін, қолдау механизмдері де нақтыланатынын айтты.
Барлық банктің қытай вирусынан қорғану үшін онлайн блокада құрып алғанын осы жиында білдік: Сауда үйлеріндегі филиалдарының қызметі уақытша тоқтаса да банктер 100 пайыз жұмыс істеп тұр. Сарапшылар төтенше жағдайдан туындаған қиындықтардан цифрлы технология қамдап алғандар ғана аз зардап шегетінін айтып жатыр.
«Аманат» сақтандыру компаниясының өкілі Анна Некрюкова тек қана бас кеңсенің жұмыс істеп тұрғанын, мұның қажеттілік екенін айтты. Өзге филиалдар онлайнға көшкен. Оның сөзінен ұққанымыз, компания соңғы бірер жылда цифрландыруға молырақ қаржы құйған. Жұмыс орындарында отыруға тиіс қызметкерлердің біразының орнын робот алмастырған. А.Некрюкова медициналық сапарларды сақтандыру (MST) өнімінің нарықта сатылуы шетелге шығатын адамдар санының бірнеше рет азаюына байланысты күрт төмендегенін атап өтті. Бұл құбылыс ақпан айының соңынан басталып, наурыз айының алғашқы онкүндігінде тоқтаған. Қаңтар айында компания күн сайын орташа есеппен 50 полистен сатса, бұл көрсеткіш ақпан айында 54, наурыз айында 26 полиске дейін төмендеп кеткен. Себебі шетелге шығатын адамдар азайды. Сонымен қатар коронавирустың таралуына байланысты уақытша кіргені (транзиттік көліктер) үшін сақтандыру жарналары да төмендеп кетіпті. Жағдай тұрақталған күннің өзінде бұл сегментте жыл аяғына дейін табыстың 70 пайызы төтенше жағдайдың шеңгелінде кеткелі тұр.
Ерікті зейнетақы аннуитеті өнімдерін сақтандыру онлайн-кеңестер арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай жұмыстардың нәтижесі тек кеңес берумен ғана шектелуде. Нақты жарнасын төлеп, сұраныс беріп жатқандар аз.
Дағдарыс кез келген салада мүмкіндіктердің есігін ашып жатыр. Қазір хабарласып, сақтандыру жарнасын төлеуге ниеттеніп жатқан клиенттердің басым көпшілігі – зейнет жасына жақындап қалған азаматтар. Олар төтенше жағдай кезінде жұмысынан айырылып қалудан қорқып, жұмыссыздықтан сақтанғысы келеді. «Бұрын сақтандыру жарналарының 80 пайызы автокөлікті немесе шетелге сапарға шыққан туристерді сақтандырудан түсетін. Қазір жұмыссыз қалғандар үшін берілетін төлемақы 42 мың теңге шамасында. Бұл қаржы тек жан бағуға ғана жетеді. Зейнет жасына жақындап қалған азаматтарымыздың жұмыссыздықтан сақтану туралы ниетіне қолдау білдіруге болады. Сол себепті сақтандыру жарнасын азаматтарымыздың төлем қабілетіне бейімдесек, оған жұмыс берушінің мүмкіндігін интеграцияласақ, бұл бағытты да сегменттің қозғаушы саласына айналдыруға болады», деп сөзін аяқтады А.Некрюкова.
Жиын барысында айтылған пікірлерден ұққанымыз, банк өкілдері алғаш рет өздерін қарапайым клиенттермен бір кемеде екенін, Ұлттық қордың қаржысынан алдағы уақытта дәмелене алмайтынын түсініп отыр. Ішкі нарықты қолжетімді несиемен қамтамасыз ету ниеті Ұлттық банк тарапынан қолдау тапса екен дейді. Мемлекет басшысы осыған дейін банктер көп табыс табу үшін ресурсын тұтынушылық кредитке бағыттайтынын айтып, Ұлттық банкке қаржы секторына шұғыл өзгеріс енгізуі керек екенін айтқан. Банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды алдын ала анықтауға тапсырма берді.
Осы жылдың қаңтар айында Ақордада өткен жиында Президент тарапынан банктердің акционерлерінің жауапкершілігі және оларды несиелендіру мүмкіндігін шектеу мәселесі де тұңғыш рет айтылды. Сарапшылар болса бар кінә Ұлттық банкте емес, банктердің құрылтайшыларында екенін бұрыннан айтып келген. Осыған дейін қол астындағы банктер түшкіріп қалса, мемлекеттен Ұлттық қор арқылы көмек алуға әдеттенген аз ғана топ банк несиесінің қарапайым көпшілікке қолжетімді болғанын қаламай, Ұлттық банкті сауын сиырға айналдырып жіберді. Қазақстанның қаржы саясатына енетін өзгерістер банктер мен клиенттер арасындағы сенімсіздік синдромын сейілтеді деп біз де үміттенеміз.
АЛМАТЫ